Маңғыстауда республикалық командалық айтыс өз мәресіне жетті

13 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Маңғыстауда республикалық командалық айтыс өз мәресіне жетті
Фото: Amanat партиясынан

Ақтау қаласында Amanat партиясының қолдауымен Маңғыстау облысы әкімдігі ұйымдастырған «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» атты республикалық командалық айтыстың ақтық сайысы өз мәресіне жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Дүбірлі додада Қарағанды және Түркістан облыстарының командалары өзара бақ сынады.   

Жыр аламанына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Amanat партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев және Amanat партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Анар Шамшадинова арнайы қатысты.

Өз кезегінде, аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау өңірінде ұйымдастырылған республикалық командалық айтыстың мәні мен маңызына тоқталды.

«Бүгін қасиетті Маңғыстау топырағында халқымыздың ұлы мұрасы саналатын айтыс өнерінің үлкен думаны өтіп жатыр. Екі жыл бойы еліміздің барлық аймағын қамтыған «Командалық айтыс» жобасы өз мәресіне жетіп, ақтық сайыс дәл осы жерден түркі мәдениетінің төрінен бастау алып отыр. Осы өнер мерекесінің Маңғыстауда өтуі – біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе. Бабалар аманатын көздің қарашығындай сақтап келе жатқан Маңғыстау халқы әуелден қонақжай. Бұл сахнада кім жеңсе де, бәрі қазақтың баласы, бәрі бауыр. Сондықтан бүгінгі аламан айтыста бәріңізге сәттілік тілеймін!» – деді облыс әкімі.

Өнер додасын Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Осылайша, сөз сайысында сүре, түре, қайым және өтірік өлең сынды айтыс түрлері қайта жаңғырып, дәстүрлі ән әуеледі. Сондай-ақ жыр-терме орындалып, күмбірі бөлек күй шалқыды.

Ақындар сүре мен түре айтыс барысында қоғамдағы өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, өтірік айтыс пен қайым айтыс кезінде қағытпа қалжың арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Жыршылар домбыра күмбірімен және қобыздың қоңыр үнімен қазақтың тарихи жырларын орындап, жиналған жұртшылықтың шынайы ықыласына бөленді. Бұл ретте, домбырашылар күй тартысқа түсіп, шеберліктерін сынады. Бұған қоса, ақтық сайыс аясында еліміздің әр өңірінен жиналған «Қазақстан» құрамасы мен жергілікті «Маңғыстау» командасы жолдастық кездесу өткізді.

Республикалық командалық айтыста Сенат депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұртөре Жүсіп, белгілі жырау Алмасбек Алматов, Қазақстанның халық әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, әнші Айгүл Қосанова, айтыскер ақын Мэлс Қосымбаев және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Қалқаман Сарин қазылық етті.

«Көнеден жеткен сүре, түре, қайым, өтірік өлең сияқты айтыс түрлері қайта жаңғырып, көрермен жүрегіне жол тапты. Әр команда тек суырыпсалма өнерімен ғана емес, өз өлкесінің сазын, мақамын, болмысын ала келді. Қарағанды мен Түркістан – екеуі де өнердің ордасы, жыраулық және әншілік мектебі терең аймақтар. Қос өңірдің өнерпаздарын бір-бірінен үстем деу қиын. Бұл жолы жеңімпаз – қазақ айтысы, қазақтың сөзі мен сазы. Біз осындай жобалар арқылы рухани мұрамызды кейінгі ұрпаққа аманаттап отырмыз. Бастысы – халықтың көкейіндегі мәселе де айтылды, ұлттық сана да жаңғырды. Бұл – бүгінгі күннің үлкен жеңісі», - деді қазылар алқасының төрағасы Нұртөре Жүсіп.

Екі жылға созылған республикалық командалық айтыс нәтижесінде Қарағанды және Түркістан облыстарының командалары тең түсіп, 1-орынды бөлісті. Ал 2-орын Астана қаласы мен Ақтөбе облысының командаларына бұйырды. Жүлделі 3-орынды Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарының командалары қанжығалады.