Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды – кітапханашы
Бүгінгі таңда Астанада қоғамдық, балаларға және зағип, нашар көретін оқырмандарға арналған 20-дан астам кітапхана бар. Оларға қай жастағы тұрғындар барып жүр? Астаналықтар көбінесе қандай бағыттағы кітаптарды оқиды? Elordainfo.kz тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрді.
Елордадағы кітапханалар заманауи үлгіде жабдықталған. Мұнда келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Кітапханада оқу, компьютермен жұмыс істейтін және CD залдар бар. Келушілер кез келген бағыттағы кітаптарды таба алады. Мәселен, Бөгенбай даңғылы, 52-де орналасқан Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы дүйсенбіден бастап сенбіге дейін таңғы сағат 10:00-ден бастап жұмыс істейді. Мұнда күніне 50-60 адам келеді. Біз ашылған уақытта барғанда бастауыш сыныпта оқитын оқушы кітабын тапсырып кетті.
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ №7 көпшілік кітапханасы Интернациональный тұрғын алабында орналасқан. Аға кітапханашы Гүлгаухар Джумказиеваның айтуынша, мұнда әсіресе түстен кейін оқырмандар саны көп болады.
«Кітапханамызда 18 мың кітап қоры бар. Келушілер қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген көркем және ғылыми әдебиеттерді таба алады. Одан бөлек, детектив, фантастика жанрындағы кітаптарымыз да көпшілік арасында сұранысқа ие. 7 мыңға жуық тұрақты оқырманымыз бар. Олар: оқушылар, студенттер, зейнеткерлер және жалпы тұрғындар. Кітапсүйер қауым үшін мәдени іс-шараларды ұйымдастырып тұрамыз. Атап айтсақ, ақын-жазушылар кездесулері, кітап тұсаукесерлері және т.б. іс-шаралар өтеді», - деді ол.
Оның айтуынша, 3 пен 8 сынып оқушылары арасында балалар жазушысы Баянғали Әлімжановтың кітаптары сұранысқа ие. Одан кейінгі жоғарғы сыныптың оқушылары Хәрри Поттер туралы кітаптарды оқиды.
«Оқырмандарды тарту үшін біз елорда тұрғындарының қызығушылықтары мен қажеттіліктеріне үнемі назар аударамыз. Байқағандарыңыздай, қазіргі заманғы кітапханаларда тек оқу залдары ғана емес, сонымен қатар оқу, демалу, қарым-қатынас жасау үшін, оқумен байланысты емес бұқаралық іс-шараларды өткізу, кітапханалардың өзінің танымал бренді болуы үшін коворкинг-орталықтар бар. Одан бөлек, мұнда оқырмандарға қызықты әрі пайдалы клубтар, яғни поэзия клубы , әжелер клубы, армандастар клубы және т.б. жұмыс істейді», - деді спикер.
Қазіргі кезде әсіресе тарихи кітаптардан Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», Дулат Исабековтың «Қарғын», «Гауһартас», Төлен Әбдіктің «Оң қол» кітаптары сұранысқа ие.
«Оқырман портретін 3 бағытқа бөлуге болады. Біріншісі – мектеп жасындағы оқушылар. Олар, мысалы, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Дулат Исабековтың «Қарғын», «Гауһартас» кітаптарын оқиды. Екіншісі – 30 бен 45 жас аралығындағы орта буын. Олар тарихи шығармаларға қызығады. Мәселен, ілгеріде айтқан «Көшпенділер» кітабы кітап сөресінде тұрмайды. Үнемі бір оқырманнан кейін келесісіне береміз. Үшіншісі – 50-ден жоғары жастағылар. Бұл топқа жататындар үшін арнайы клубтарымыз жұмыс істейді. Олар осында келіп, бос уақыттарын пайдалы өткізеді. Сондай-ақ мұнда олар оқыған кітаптарын талқылайды. Бұл топқа жататындар әсіресе шағын әңгімелерді оқығанды ұнатады», - деді кітапханашы.
Егер отбасында ата-ана кітап оқыса, онда бала да соған дағдыланады.
«Біздің кітапханада отбасыларымен бірге кітап оқитын оқырмандарымыз бар. Сондай белсенді отбасылардың бірі – Қайыровтар. Олар аптасына бір не екі рет келіп, ұнатқан кітаптарын оқиды. Ата-анасы балаларына күн сайын ертегілерді оқуды әдетке айналдырған. Сол дәстүрі бізді қатты қуантты. Менің ойымша, егер адам кітапханаға келіп, кітаптың бір бетін оқыса, әрі қарай қызығушылығы пайда болады. Уақыт өте келе кітап адамның досына айналады. Әр адам рухани жағынан дамуы керек. Ол үшін кітап оқуды ешқашан тоқтатпау қажет. Кітап оқуды қойған адам ойлауды да қояды», - деді спикер.
Кейбір оқырмандар электронды нұсқадағы кітаптарды оқығанды ұнатады. Осыған қатысты спикеріміз пікір білдірді.
«Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп адамдар кітап оқуға уақыт таппай жатады. Сондықтан олар электронды нұсқасын оқу немесе аудионұсқаларын тыңдауды жөн көреді. Менің ойымша, аудиокітаптарды тыңдаса да, есте қалмайды. Тіпті бұл сіздің есте сақтау қабілетіңізді арттырады деп айта алмаймын. Ал кәдімгі қағаз кітапты қолға алып, әр бетін парақтап оқисыз. Нәтижесінде оның мазмұны көпке дейін есіңізде сақталады. Сондай-ақ сауатты жазуға дағдыланасыз. Себебі кітапта жазылған шығарманы оқыған уақытта көз алдыңызға елестетесіз. Жалпы қолға ұстағанның өзі бөлек қой», - деді ол.
Сөз соңында ол кітап оқуға қатысты пайдалы кеңестерімен бөлісті.
«Басты құндылығымыз саналатын ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, әр адам өзі үшін пайдалы ақпарат, естен кетпес керемет әсер алса деген ниетім бар. Үйде әке мен ана кітап оқыса, оларға қарап, балалар да кітап оқи бастайды. Кітап оқу арқылы сөздік қорыңыз артады. Кітап оқып, рухани бай болайық. Кітапсүйер қауым үшін кітапхананың есігі әрдайым ашық. Біз оқырмандарды күтеміз. Бастысы кітап оқуды тоқтатпайық», - деп сөзін түйіндеді Гүлгаухар Джумказиева.