Елордада Astana Media Week апталығы басталды
Елордада Astana Media Week-2023 медиа апталығы өтуде, деп хабарлады Elorda.info.
Astana Media Week Қазақстанда биыл жетінші рет өткізіліп отыр. Биылғы форумның тақырыбы «Медиа күші: үрдістер, өзгерістер және этика» деп аталды.
Медиа форумның ашылуында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева отырысқа қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі.
«Құрметті медиа апталық қатысушылары, қадірлі қонақтар! Өздеріңізбен Astana Media Week алаңында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Біздің медиа апталық осымен жетінші мәрте өткізіліп отыр. Astana Media Week медиа кеңістігінде маңызы зор дәстүрлі шараға айналды. Ол жиынға жыл сайын шетелдік тұлғалар, беделді сарапшылар мен білікті медиа мамандардың арнайы қатысуы - осының айғағы деп білемін. Мемлекет бұқаралық ақпарат құралы саласындағы заңнаманы жетілдіруге ерекше көңіл бөліп отыр. Сонымен қатар биыл мемлекеттік ақпараттық саясатты жүзеге асырудың негізгі бағдарын айқындайтын тұжырымдамалық құжат - ақпараттық доктрина қабылданды. Медиа саласы қоғамдық саланың барлық саласына әсер ететіні белгілі. Салада үздіксіз трансформациялау мен цифрландыру, жаңа платформалар, коммуникация құралдары мен хабарламаларды беру әдістері үнемі жаңарып отырады. Бұл үнемі жаңарып, жаңғырып отыруға жетелейтіні анық. Сондықтан мен Astana Media Week-тің отандық медиа индустрияны дамытуға игі әсерін жоғары бағалаймын. Сонымен қатар жылдам өзгеріп, қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық әлемге, дәрстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының өзекті мәселелерін шетелдік сарапшылармен бірге талқылайтын үлкен алаңға айналғанын ерекше айтып өткім келеді. Astana Media Week сындарлы пікірталастар мен мазмұнды талқылауларды жасап, саланың көкейтесті мәселелеріне оң шешім ұсынатын басқосу болып қала беретініне сенімдімін. Игі шараның сәтті өтуіне тілектестік білдіремін, жұмыстарыңыз жемісті, шығармашылықтарыңыз табысты болсын», - деді Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Әрі қарай, медиа форумның бірінші күні «Цифрлық жауапкершілік және БАҚ қауіпсіздігі» тақырыбындағы пленарлық отырыспен ашылды. Пленарлық отырыстың модераторы,«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық» бірлестігінің басшысы Рауан Кенжеханұлы алғашқы сөзді ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетовке берді. Одан соң «Мир» МТРК төрағасының орынбасары Екатерина Абрамова, «Кабар» Қырғыз ұлттық ақпараттық агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев, Қазақстандағы түрік Радиотелевизиялық корпорациясы өкілдігінің директоры Mehmed Zahid Çalışkan сөз сөйледі.
Сарапшылар бүгінде еліміздегі медиа саласындағы жаңғыртылған заңдар туралы талқыланды. Мәселен, сарапшылар мен журналистер күні кеше ғана қабылданған «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң, мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың негізгі бағыттарын айқындайтын ақпараттық доктрина жайлы пікір алмасты.
Бұдан соң Media Talks бейресми конференциясында «Сыни тұрғыдан ойлау: неге біз енді көргенімізге, естігенімізге және оқығанымызға сенбейміз?» тақырыбы талқыланады. Сарапшылар хайп, кликбейт, фейктер, сондай-ақ цифрлық ортадағы журналистердің жаңа этикасы мен кәсіби мінез-құлқы туралы сөз қозғады. Спикерлер қатарында қазіргі заманғы креативті және медиа индустриясының өкілдері: танымал режиссерлер, фотографтар, журналистер мен продюсерлер болды. «Жасанды интеллект медиа қызметкерлері мен журналистерді жұмыссыз қалдыра ма?» деген сауалға Media talks спикері, режиссер және сценарист, Cannes World Film Festival «Үздік музыкалық клип режиссері» сыйлығының иегері Малик Зенгер жауап берді.
«Жасанды интеллект дәуірі басталды. Көбі нейрожеліге қауіппен қарайды, олар нейротехнологиялар көптеген мамандықтарды алмастырады, уақыт өте келе адамзатты ығыстырып жібереді деп ойлайды. Бұл ағайынды Люмьерлер– адамзатқа кино әлеміне жол ашқан француз киноиндустриясының аңызға айналған «аталары» құбылысын еске түсіреді. Олар алғашқы кинороликтерді түсіріп, экранға шығарды. Адамдар ағайындылардың данышпандығын бірден қабылдамады. Мысалы, «Пойыздың Ла Сьота станциясына келуі» атты картина көрермендердің біртүрлі реакциясын тудырды. Үлкен экран мен «залға» қарай келе жатқан пойыз сеансқа келушілердің үрейін тудырып, олар артына қарамай кинозалдан жүгіріп шыққан. Ал қазір кинотеатрлар жақсы. Нейрожелі желі - бұл адамның одан әрі технологиялық дамуы», - деді Малик Зенгер.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Astana Media Week 3 күнге созылмақ.