«Астана Опера» жаңа театр маусымын ашты
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауы нәтижесінде «Астана Опера» «Kazakh Opera Gala» концертімен XII театр маусымын ашты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Театрдың бас дирижері, бағдарлама авторы Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестр және опера солистері отандық классиканы орындау шеберлігін паш етті.
Залдағы атмосфера үкілеген үмітке толы болды. Аудиторияның арасынан танымал қазақстандық композиторларды, опера сахнасының ардагерлерін, атақты мәдениет қайраткерлерін, сондай-ақ өздері үшін классиканы енді ғана ашқан жандарды да байқауға болатын еді. Олар демдерін ішке тартып, кештің басталуын тағатсыздана күтті. Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың «Құрманғазы» туындысынан симфониялық оркестрдің алғашқы аккордтары естілгенде көрермендер қазақ даласына, оның дәстүрлері мен түп-тамырына сүңгіді.
Олардың операларында жиі ұшырасатын халық музыкасының элементтері арқылы Ұлы дала үні опера сахнасында шарықтады. Ал биыл музыка сүйер қауым жүз жылдығын атап өтетін Сыдық Мұхамеджанов, Ғазиза Жұбанова, Базарбай Жұманиязов, Еркеғали Рахмадиев сынды кейінгі буын композиторлары шығармаларының концерттік бағдарламаға енуі XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ операсының даму жолын көрсетеді.
«Kazakh Opera Gala» концертінің әрбір нөмірін бағдарлама авторы, театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алан Бөрібаев мұқият іріктеген. Маэстро жауынгерлік эпостардан бастап лирикалық нөмірлерге дейін қазақ операсының барлық қырын көрсете алды.
«Композиторларымыз жандыра жазды, жүректен жазды, асқан сүйіспеншілікпен жазды және өз музыкасына ең шынайы да жалынды әуендерді қосуға, халқының мұң-шерін, бастан кешірген орасан көп күйінішін бейнелеуге тырысты. Қайталанбас халық нақыштары мен әуендері тамаша оркестрлік орындауда ерекше әуелесе, «Құрманғазы» операсындағыдай бірегей дала күйлері екпіндете еседі, ал Мұхтар Әуезовтің, Сәкен Сейфуллиннің классикалық қазақ әдебиетіндегі асқақ бейнелері Ғазиза Жұбанованың өткір драмалық музыкасында немесе Сыдық Мұхамеджановтың шынайы лирикасында сахналанған кезде терең әсер қалдырады», - дейді жоба авторы, маэстро Алан Бөрібаев.