Елордада алғаш рет «Астана-күй қанатында» байқауы өтеді
Астана қаласының коммуникациялар қызметінде «Астана-күй қанатында» атты I қалалық Дина Нүрпейісова атындағы домбырашы-күйшілердің байқауына дайындық туралы брифинг өтті, деп хабарлады Elorda.info.
Брифингке спикер ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының - үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Республикалық «Күй анасы» қорының атқарушы директоры Төлеген Қуанышев, музыкант-орындаушы, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты Айтолкын Тоқтаған қатысты.
Күй өнері - қазақ халқының рухани байлығының ең киелі де, қасиетті түрі. Ғасырлар бойы жоғалмай жеткен өнер қашанда ұлттық мәдени құндылықтарымыздың бірі болып табылады. Сондықтан оны жаңғырту, ұрпаққа аманаттау парыз.
Астана қаласы әкімшілігінің қолдауымен және республикалық «Күй анасы» қорының бастамасымен 20-21 қазан күндері «Астана-күй қанатында» атты I қалалық Дина Нұрпейісова атындағы домбырашы-күйшілердің байқауы өтеді.
«Күй анасы» республикалық қоры елордамызда «Күйшілер аллеясының, «Ғасыр адамы» атанған Дина Нұрпейсова ескерткішінің, биіктігі 5 метрден асатын «Домбыра» инсталяциясының, қазақ халқының 101 күйшісі мен күйші композиторлардың заманауи цифрлық (QR) ескерткіш тасының ашылуына бастамашы болған.
«Күй анасы» республикалық қорының ұйымдастыруымен 2021 жылдан бері тұрақты түрде Құрманғазы, Жамбыл, Дина Нұрпейсова ескерткіштері жанында 7 рет «Күй жәрмеңкесін» (Күй жарыстары) өтіп келеді және бірнеше әдеби-танымдық кітаптар шығарды.
«Астана-күй қанатында» атты I қалалық Дина Нұрпейсова атындағы домбырашы-күйшілердің байқауының басты мақсаты - патриотизм, рухани-адамгершілік үйлесімділікті дамыту және балалар мен жастардың көркемдік талғамын тәрбиелеу, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттыру.
Байқауға 14-35 жас аралығындағы орындаушылар қатыса алады. Байқауға қатысу өтінімдері қыркүйек айының 25-і мен қазан айының 15-не дейін мына электрондық поштаға жіберуге болады: aitolkyn_toktagan@mail.ru