«Елден сәлем!»: Елордалық зейнеткерлер Ақкөл қаласында концерт қойды

18 сәуір, 2025
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Елден сәлем!»: Елордалық зейнеткерлер Ақкөл қаласында концерт қойды
фото: ұйымдастырушылардан

Астана қаласы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының көркем өнерпаздары Ақмола облысында орналасқан Ақкөл қаласына гастрольдік сапармен барды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Концерттік бағдарлама «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жұмысын таныстыру және зейнеткерлерге белсенді өмірді насихаттап, тәжірибемен алмасу мақсатында ұйымдастырылды. 

Орталық директоры Мұхтар Еркетаев Ақкөл қаласының тұрғындарына  зейнеткерлердің өмір сапасын жақсарту және әлеуметтік орта қалыптастыру туралы айтты.

Орталықтың мәдени ұйымдастырушысы Гүлшат Әлекешқызының сөзінше, жалпы концертке елордалық 5 өнер ұжымы мен жеке орындаушылар қатысты.

«Концерттік бағдарламада «Есіл толқындары» ардагерлер ансамблі, «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі, сәнқой әжелерден құрылған Kerbez_models тобы, «Әдемі дәуір» би тобы, дәстүрлі әншілер мен бишілер өнер көрсетті.  «Елден сәлем!» атты концерттік бағдарлама алдағы келе жатқан мамыр мерекелері мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылды. Біздің концертімізді Ақкөл жұртшылығы жылы қабылдады. Әсіресе, сәнқой әжелерден құралған Kerbez_models тобы мен әнші, күйші, бишілердің өнері көрермен жүрегін баурап алды», - деді Гүлшат Әлекешқызы.


Атап айтқанда, өнерпаз зейнеткерлер «Арайлы Астана», «Атамекен», «Жауынгерлер әні», «Еділ мен Жайық», «День Победы» әндерін айтып, «Ерке сылқым» мен «Балбырауын» күйлерін ойнап, «Жайлауда» мен «Синий платочек» билерін ұсынды.

«Өте тамаша концерт болды, көрерменге  ұнады. Зейнет жасында  жүрсе де, қоғамның өміріне белсене араласып, әдемі қартаюдың үлгісін көрсеттік. Ақкөл елінде осындай бастамалар қолдау тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймын», - деді Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы бойынша әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің басшысы Кенжеболат Бапишев.

Мәдениет үйінде өткен шараға қала тұрғындары қатысты. Олар елордадан келген өнерлі зейнеткерлерге ризашылығын білдірді.

«Бүгін концерт өте мазмұнды және көңілді өтті. Елордалық зейнеткерлер осындай қоғамдық шараларға қатысып, белсенділік танытып жүргендерін көріп отырмыз. Осындай орталық бізде де ашылса, жақсы болар еді. Біздің ата-әжелер түрлі үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алар еді», - дейді Ақкөл қаласының құрметті азаматы Еркін Дәуешұлы.

Концерт соңында Ақкөл аудандық мәслихаты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директоры Мұхтар Дүйсенұлына алғысхат пен естелік сыйлық табыстады.