Қазақ дәстүрін теріске шығарып жүргендер кімдер?
Деструктивті діни ағымдар қоғам арасында алауыздық тудырып, өздерінің идеологиясын адам санасына сіңіру мақсатында бірінші кезекте ұлттық идеологияны жоюға тырысады. Қазақтың дәстүріне қазақтарды қарсы қою әдісін пайдаланып жүргендер аз емес. Қазақ қоғамының мәдениеті мен дәстүрлі құндылықтарына жасалып жатқан «шабуылға» байланысты дінтанушы Нұрсұлтан Дихамбаевтың ойын сұрап білдік.
-Нұрсұлтан мырза, бірінші сұрағым діни радикалдар адамның санасынан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрін жою үшін қандай амалдар жасайды?
-Ең алдымен діни радикалды ұйым өкілдері этносқа және әлеуметтік жүйеге өз кесірлерін тигізеді. ҚР заңнамасын қарайтын болсақ, онда «діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның кіріспесінде Ханафи бағытындағы исламның халықтың мәдениеті мен рухани өмірін дамытудағы тарихи рөлін көреміз. Тиісінше, ұлттық дәстүріміз бен ислам діні бірлескен кезде қазақ халқының мәдениеті қалыптасты деп айтуға болады. Осы жерде дәстүрлі емес діни ағым өкілдірі ашықтан-ашық ұлттың іргетасын діни жалған фактілер келтіре отырып құлатпақшы. Мысалы, ислами радикалды топ өкілдерінің «намаз оқымайтын қазақ- нағыз мұсылман емес, кәпір» немесе «қазақтың дәстүрі мен мәденитін – джаһилдер ойлап тапқан» деген сынды өте ауыр сөздерді әлеуметтік желіден көзім шалып қалды. Бұл нағыз қоғам арасына іріткі салу деп айтар едім. Өкінішке орай, осындай сөздерге еріп, қазақи салт-дәстүрді орындамай жүрген отандастарымыз жеткілікті.
-Өзіңіз айтып өткен радикалды топ өкілдері дәстүрлі қазақ қоғамының құндылықтарына қандай теріс әсерін тигізуі мүмкін?
-Радикалдар ислам мен ұлттық құндылықтарды екіге бөліп тастау үшін жүйелі жұмыстар жүргізуді. Бұл мемлекет құрушы қазақ этносының бірегейлігі мен оның ұлттық рухының біртіндеп жойылуына әкелуі мүмкін. Дәстүрлі емес және радикалды діни топтардың қызметінен туындайтын негізгі қауіп-этносқа және оның геосаяси және геомәдени субъект ретіндегі рухани мәдениетіне қарсы идеологиялық шабуыл.
Радикалдар «мұсылманға жат» деген сылтаумен өзінің дәстүрі мен әдет-ғұрыпынан, киім-кешек пен зергерлік бұйымдарынан, мемлекеттік қызметінен де бас тартып, бұның бәрі, «кәпірлердің» іс-әрекеті деген шешімге келеді. Осылайша, буквализм қалыптасып, исламды әркім өз пайдасына қарай бұрмалау басталады, ешкіммен араласпай, достарымен, ағайын-туыспен ара қатынасын үзетіндер бар. Намаз оқымайтын адамды, олардың жолымен жүрмегендерді кәпірге балап, оқшауланып жүргендер қаншама? Радикалдардың қызметі үш негізгі тірекке: идеологияға, мәдениетке, тарихқа өзінің кері әсерін тигізуі мүмкін. Осы тіректің біреуінің жойылуы сөзсіз елді құлдырауға әкеледі. Бүгін біз қазақ халқының ежелден ұстап келе жатқан ислам дінін дұрыс емес жол деп, оның беделіне нұқсан келтірудің нәтижесінде қоғамда Қазақстанның мемлекеттілігіне, сондай-ақ оның өзіндік ерекшелігі мен менталдығына қол сұғатын адамдар санаты пайда болғанына куә болып отырмыз.
-Сонда радикалды топ өкілдері біздің ұлттық іргетасымызды бұзып, өздерінің ойын қоғамға енгізгісі келеді деп ойлайсыз ба?
-Иә, солай айтуға да болады. Діни радикалды топ өкілдері әдетте тарихи сабақтастықты біле бермейді. Бабаларымыздың уақыт сынынан өткен даналығын түсінбей, кез-келген дәстүрге деген теріс көзқарас қалыптастырып алған. Өздерін исламның дұрыс жолын көрсететін діннің қамқоршылары ретінде санайды. Бұдан қандай қорытынды жасауға болады. Өзінің дәстүрі мен мәдениетін білетін адам радикалдардың әрекетіне қарсы тұра алады. Әрқайссымыз еліміздің тәуелсіздігіне, ұлтымыздың бірлігіне, діни санамызға қол сұғудан қорғауға міндеттіміз. Исламның қазақтың түрмыс-тіршілігіне ықпалы зор. Дегенмен, қарт тарихтың қатпарларынан салт-дәсүріміз бен әдет-ғұрпымызды алып тастауға ұмтылу дұрыс емес.
-Сөз соңында діни радикалды топ өкілдерінің дәстүрлі құндылықтарға «шабуылы» ешқандай негізсіз деп айтуға болады ма?
-Дәл солай. Бүгінде «дінді ұстанамын, имандылыққа бет бұрамын» деп, діни сауатсыздығының төмендігінен түрлі діни ағымдардың ықпалына түсіп «салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық құндылықтарымызды мойындамай кетіп жатқан жастарымыз қанша ма?!». Жаһандану заманында алпауыт мәдениеттер мен өркениеттер арасында жоқ болып жұтылып кетпеу үшін ұлттық тіл, діл, дін мен салт-дәстүрімізді сақтап қалуымыз қажет.