00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада Шуберттің таңдаулы шығармалары шырқалады

Астанада Шуберттің таңдаулы шығармалары шырқалады
Фото: «Астана Опера» театрынан

«Астана Опера» театрында романтик композитор Франц Шуберттің  шығармашылығы елорда тұрғындары мен қонақтарына ұсынылады. «Әуеннің 
тылсым күші» концерті 19 шілдеде Күләш Байсейітова атындағы Камералық залда өтеді, деп хабарлады Elorda.info

Ол кеште сопрано дауысты әнші Айгүл Ниязованың, баритон Ермек Қасымның, альтшы Олеся Морозованың және пианист Андрей Морозовтың нәзік интерпретациясында біртуар неміс композиторының вокалдық лирикасы мен аспаптық шығармалары шырқалады.

«Астана Опера» театрының жетекші солисі Айгүл Ниязова автордың тереңнен ойлай білетін әрі әуендік қабілеті Франц Шуберттің камералық-вокалдық музыкасына тыңдармандар мен орындаушылардың жүрегіне тура жол табуға мүмкіндік бергенін атап өтті. 

Ф.Шуберт музыка тарихында көркемдік ән жанрының дамуына сүбелі үлес қосты, осы салаға зор шығармашылық қиялы мен күшін салды. Композитордың мұрасында алты жүзден астам вокалдық туындылар бар, олар бұқараға тез тарап кетті. Таңданатын ештеңе жоқ, себебі оларда автордың жүрек түкпірі мен бай эмоционалды өмірі көрініс тапқан. Оның көп қырлы ән шығармашылығы музыкалық жанр мен поэтикалық мазмұнының әсемдікпен бірігуі, көркемдік бейнелердің көптігі, сондай-ақ іске асыру құралдарының даралығымен ерекшеленеді. Бұл музыканы орындау солистен терең әрі нәзік интерпретацияны, нюансировкамен көп жұмыс істеуді талап етеді, әсіресе мұнда вокалдық және аспаптық партияның тұтастығы маңызды, – деп пікірімен бөлісті Айгүл Ниязова. 

Кеш бағдарламасында Франц Шуберттің И.Гётенің сөзіне жазған «Орман патшасы» балладасы, В.Мюллердің сөзіне «Қысқы жол» вокалдық топтамасынан «Дауылды таң», Вальтер Скоттың «Көл қызы» поэмасынан жекелеген өлеңдерге арналған жеті ән жинағынан Элленнің үш әні, «Өзенде» әні, «Арпеджионе» сонатасы, ля минор және тағы басқа туындылары ұсынылған. Ф.Шуберт музыкасының кешінен бөлек, елордалық театрда көрермендерді мазмұнды жазғы концерттік бағдарлама күтеді. К.Байсейітова атындағы Камералық залдың шілдедегі репертуарын «Квартетке арналған музыка маусымы» топтамасынан тыңдармандар жақсы көретін «Дәуір данышпандары: Бородин. Дворжак» концерті ашады. 1 шілдеде театрдың бірінші скрипкасы Бағдат Әбілхановтың авторлық кешінде  концерттің идеялық шабыт берушісімен бірге скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, альтшы Дархан Сәдуақасов, виолончельші Ермек Құрманаев пен пианист Зарина Бимендинова 
нәзік ансамбльдік музыканы ойнау өнерін паш етеді. 9 шілдеде «Опералия» халықаралық фестивалі аясында «Жылдың он екі мезгілі» концерті өтеді. Онда әлемге әйгілі скрипкашылар Бағдат Әбілханов пен Алексей Лундин, сондай-ақ «Астана Опера» камералық оркестрі мезгілдердің ауысуы тақырыбында ой қозғайды. Музыканттар А.Вивальди, А.Пьяццолланың және Е.Подгайцтың танымал топтамаларын ұсынады. Айта кету керек, Ефрем Подгайцтың 
шығармасы Қазақстанда алғаш рет шырқалмақшы. 

Сонымен қатар «Опералия» аясында 14 шілдеде «Астана Операның» ғажайып камералық хоры «Көппен көрген жеңістің жөні бөлек» атты концертімен өнер көрсетеді. Қазақстан композиторларының музыкасы шырқалатын бұл концертті аға хормейстер Дәурен Мусин дайындады. Ұжымның жуырда Польшада өткен «Хайнувка» халықаралық фестиваліндегі жарқын жеңісі кеш атауына арқау болды. Хор ұжымы онда театрдың бас хормейстері Ержан Дәуітовтың жетекшілігімен өнер көрсеткен болатын. 

Ал 21, 28 шілде мен 9 тамызда «Астана Операдағы» музыкалық демалыс» дәстүрге айналған концерттері өтеді, мұнда сахнаға отандық және шетелдік жетекші 
шығармашылық жоғары оқу орындарында білім алып жүрген дарынды қазақстандық студенттер шығады.