00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

AMANAT партиясы командалық айтыс ұйымдастырады

7 наурыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
AMANAT партиясы командалық айтыс ұйымдастырады
Фото: дереккөз

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтайдың айтуынша, жаңа бастама ең алдымен аймақтар арасындағы мәдени байланысты нығайтуды көздейді.

Жоба 4 кезеңнен тұрады. Оған еліміздің барлық аймағынан 20 команда қатысады. Айта кетейін, жоба аясында тек айтыс қана емес, ұлттық өнеріміздің бірнеше жанры қамтылады. Яғни, айтыскерлер, күйшілер, жыршылар, термешілер және дәстүрлі әншілер сайысы ұйымдастырылады. Көзіқарақты көрермен дүбірлі доданы көгілдір экран арқылы да тамашалай алады, – деді ол.

Ал белгілі ақын, ҚР Мәдениет қайраткері Серікзат Дүйсенғазының пікірінше, бұл жоба төл өнерімізді төрге оздырып, мәдени мұрамызды насихаттау бағытындағы маңызды қадам саналады.

Өкінішке қарай, әлі де болсын ұлттық өнерімізді кеңінен насихаттап, ұрпақ санасына құйып, тиісті деңгейде дәріптей алмай келеміз. Радиодан дәстүрлі ән мен күйді, жыр мен термені жиі ести бермейміз. Жасыратыны жоқ, заманауи өнер ұлттық құндылықтарымызды ысырып барады. AMANAT партиясының қолдауымен осы олқылықтың орны толып, жаңа жоба бастау алды, – деді С.Дүйсенғазы.

Өз кезегінде, танымал ақын Еркебұлан Қайназар ұлттық өнерді дәріптеудің, оны кейінгі ұрпаққа жеткізудің мәні мен маңызына тоқталды.

Айтыс байырғы заманда түркі тілдес халықтардың түгеліне жуығында болды. Алайда, дәл қазір оны өнер деңгейіне көтеріп ұстап қалған екі-ақ халық бар. Олар – қазақ және қырғыз. Яғни, төл өнерді, мәдени мұраны жоғалтып алмаудың жалғыз жолы – оны әркез насихаттау, дәріптеу. Бұл – әрқайсымыздың мойнымызда тұрған қастерлі парыз, – деді ол.

Айта кетейік, алғашқы айтыс биыл 9 наурызда Қызылорда облысында өтеді.