Amanat партиясы "Кітап-Amanat" жобасын бастады
«Кітап-Amanat» жобасы отандық әдебиетке деген қызығушылықты арттыруға, адамдарды оқуға ынталандыруға, қазақстандық авторлар мен кітап шығарушыларды қолдауға бағытталған, деп хабарлады Elorda.info, бұл туралы Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Facebook парақшасында жазды.
Ерлан Қошановтың айтуынша, мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне, ұлттық мүддеге сай келетін кітаптар басып шығаруға ерекше назар аударды. Ол кітап шығару ісі идеологиялық жұмыстағы басты бағыттың бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, Президент халық арасында кітап оқу мәдениетін дамытудың маңыздылығын үнемі айтып келеді.
Amanat партиясы Президенттің осы бастамаларын жүзеге асыру үшін барлық өңірлік филиалда "Кітап-Amanat" кітап дүкендерін ашады.
"Шын мәнінде, аталған дүкендер мәдени-ағарту орталықтарына айналады. Онда тек қазақ тілінде жарық көрген жаңа кітаптар ғана сатылмайды, сондай-ақ мұнда қазақстандық жазушылардың, авторлардың, баспагерлердің қатысуымен жаңа кітаптардың тұсаукесері мен талқылаулары және тағы басқа іс-шаралар өтеді", – деп жазды Amanat партиясының төрағасы.
Алғашқы "Кітап-Amanat" дүкені партияның Алматы қалалық филиалының ғимаратында ашылды. Кітаптар барынша арзан бағада сатылады. Бұл жоба Қазақстандағы қазіргі заман авторларының шығармаларын ғана емес, жалпы отандық әдебиетімізді ілгерілетуге бағытталған.