Қаллеки театрының спектаклі халықаралық фестивальдің Гран-при иегері атанды
«Баян сұлу – Қозы Көрпеш» спектаклі «Арт Ордо – 2023» халықаралық театр фестивалінен Гран-при жүлдесімен оралды, деп хабарлады Elorda.info театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Ғ.Мүсіреповтың «Баян Сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасымен Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен «АРТ-ОРДО - 2023» халықаралық театр фестиваліне қатысты. Бұл жолғы фестиваль КСРО Халық артисі, қырғыз халқының көрнекті театр және кино актрисасы Бакен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналды.
Фестивальде 6 шетелдік және 8 қырғыз театры өз бақтарын сынап, өнер көрсетті. «АРТ ОРДО – 2023» халықаралық театр фестиваліне әр елден театр қайраткерлері мен театр зерттеушілері шақырылды.
Халықаралық қазылар алқасын Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі, профессор Нұрқанат Жақыпбай басқарды. Сонымен қатар, қазылар алқасының құрамында Өзбекстан Республикасының Халық әртісі, Өзбекстан Республикасының Ұлттық академиялық драма театрының актрисасы Гаухар Закирова (Өзбекстан), Қырғыз Республикасының Халық әртісі, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, актриса Гүлсара Әжібекова (Қырғызстан), Әзербайжан Республикасының Халық әртісі, Әзербайжан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, театр және кино актері, режиссер, профессор Новрузов Джахангир Муталлиб оглы (Әзірбайжан), Қырғызстан Театр Қайраткерлері одағының президенті, өнертану кандидаты Жаныш Құлмамбетов (Қырғызстан), театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент Айсұлу Сағитова (Башқұртстан, Ресей), театр сыншысы және режиссері Исмаил дикилиташ (Түркия) болды.
Халықаралық қазылар алқасы: үздік қойылым – бас жүлде, үздік режиссер, үздік сценография, үздік ер адам рөлі, үздік әйел адам рөлі, екінші пландағы ер адам рөлі, екінші пландағы әйел адам рөлі, сыншылар көзайымы номинациялары бойынша жүлдегерлерді анықтады.
Қырғызстан көрермені Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының спектаклін зор ықыласпен қабылдады. Сахнада актерлардан басқа, оркестр де өнер көрсетті. Бұл драмалық шығарманың әсерін арттыра түсті. Халық аспаптар оркестрі барлық музыкалық партияларды жанды мәнерде орындап, спектальге өзгеше сипат берді. Сахнада ескі заман хикаясы заманауи әуенмен өрбіп отырды. Тіпті Майкл Джексонның да әндерінен үзінді орындалды. Осылайша, автор классикалық құр баяндаудан бас тартып, Қозы Көрпеш пен Баян Сұлудың махаббат хикаясын заманауи тәсілде жеткізе білгені үшін әділ қазылар алқасының шешімімен Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы Ғ.Мүсіреповтың «Баян Сұлу – Қозы Көрпег» спектаклі үшін Гран-при жүлдесімен және «ТҮРКСОЙ» Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Қоюшы режиссер – Гүлназ Балпейісова, дирижер – Маралжан Мырзақұлова, қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов, киім суретшісі – Алма Сырбаева, хореограф – Ильмира Иманғазина, композитор – Олег Синкин.
Спектакльде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері А.Нөгербек, «Дарын» Мемлекеттік Жастар сыйлығының лауреаты Ж.Ерболат, «Серпер» сыйлығының лауреаттары – Ш.Ордабаев, О.Жақыпбек, актриса А.Жетпісбаева, актер Н.Есен, М.Наменов, Б.Шалқар, С.Анварова, Б.Қалила, А.Мамыр, Ә.Бектас, М.Макибаева және халық аспаптар ансамблі өнер көрсетті.