Бурабайда бүркітшілер жарысы басталды
Оған еліміздің құсбегілерінен бөлек, көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мемлекетінен бас-аяғы 50-ден астам спортшы жиналды. Ұлттық спорт сайысы биыл аймақта осымен жиырма бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Ал аталған шара екі күнге жалғасады. Осы уақыт ішінде қатысушылар бүркітпен қатар, қаршыға мен ителгіні де бірнеше кезең бойынша сайысқа түсіреді.
Халықаралық турнирдің бас жүлдесін жеңіп алған қатысушы қомақты қаржылай сыйақыға ие болады. Қалған жүлделі орындар да, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соңғы жылдары елімізде құсбегілік өнері жақсы дамып келеді.
“Қазір 12 облыста және 3 қалада құсбегілік бөлімдері, сондай-ақ саятшылық бөлімі ашылған. Әр облыста аға жаттықтырушылар жұмыс істеп жатыр. Республикамызда қазір 100-ден астам құсбегі бар. Бәрі даму үстінде. Ең бірінші мақтанатын нәрсе – осы жарыста жастар көп”, – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілі Базарбек Күнтуған.