00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елімізде демократиялық реформалар жүйелі түрде жүргізіліп келеді – сарапшы

Елімізде демократиялық реформалар жүйелі түрде жүргізіліп келеді – сарапшы
Фото: akorda.kz

Соңғы 2-3 жыл ішінде елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізілді. Бағыты айқын бастамалардың негізінде саяси партиялардың парламентке өту шегі 7%-дан 5%-ға төмендетілді. Демократиясы дамыған елдердің көбінде заң шығару органына өту межесі 7-10%-ды құрайтынын ескерсек, аталған өзгерістің шынымен де қоғамды демократияландыру жолындағы нақты қадамдардың бірі екендігі анық. Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген таңдаудың енгізілуін де сайлаушы құқын қорғаудың нақты көрінісі деп бағаласақ болады. Elorda.info тілшісі аталған реформалар туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев кеңірек әңгімелескен болатын. 

Реформа нәтижесінде парламенттегі саяси партиялардың саны алты партияға артты. Қалалық, аудандық мәслихаттарға азаматтардың өзін-өзі ұсынуы нәтижесінде мажоритарлық жүйе бойынша маслихат депутаты болуына мүмкіндік кеңейді. Жергілікті халықтың мемлекеттік басқару ісіне араласуына барынша жол ашылды, - деді ол.

Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысының сөзінше, облыстық маслихаттар 50% партиялық тізім бойынша, 50% мажоритарлық жүйемен сайланатын реформа жасағанын айтты. Ал бұл жергілікті жерде азаматтық қоғам белсенділерімен қатар партиялардың да өзара бәсекесін дамытатын механизм деуге болады. 

Атап өтуіміз керек 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін халық сайлап келеді. Егер әкім жұмыс істемесе халықтың әкімді кері қайтарып алу функциясы енгізілген. Президент реформасы бойынша 2023 жылы 45 аудан мен қала әкімдерін халық сайлайтын жүйе пилоттық режимде енгізілді. 

Осы аталған реформалардың барлығы елімізде халықтың мемлекеттік басқару ісіне белсенді араласуына жол ашатын, демократиялық институттарды дамытатын өзгерістер. Ендігі мәселе аталған өзгерістерді қолданып, заңға бағына отырып, норма мен процедура аясында мемлекетіміздегі саяси институттарды дамыту, өркениетті демократиялық дамуға қадам басу, - дейді Б. Серікбаев.

Түркістанда өткен құрылтайда да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза еліміздегі  сараптамалық-талдау орталықтарының қызметін жетілдіру қажеттігіне ерекше тоқталғаны белгілі.Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар» деп атап көрсеткен еді онда Президент. 

Егер өркениетті елдерге қарасақ, мемлекеттік басқару ісі мен ғылыми зерттеу орталықтарының жұмысы бір-бірімен қабысып жатады. Мемлекет басшысы атап өткендей ғылым мен білімге, терең зерттеуге негізделген мемлекеттік басқару ісі табысты болады. Дамыған елдерде қоғамның даму векторына ақыл-ой орталықтарының әсері мол. Бізге де сапалы әлеуметтік зерттеулер жүргізетін ғылыми орталықтар қажет екені анық. Алдағы уақытта бұл бағытта тиісті шаралар қабылданады деген сенімдемін. 
Қазақстанда еңбек пен білім культі, құқық пен тәртіп, адамгершілік пен жауапкершілік құндылықтары алға шығып, мемлекеттік дамуымыздың бағыт-бағдарына айналуы қажет. Құрылтайда мемлекет басшысы атап өткен «Әділетті Қазақстан – Берекелі қоғам – Адал азамат» тұжырымдамасы алдағы қоғамдық даму бағытымызды білдіреді. Осы құндылықтар аясында келешек ұрпақты тәрбиелеп, ұлтымызды ұйыстыруымыз қажет деп есептеймін, - деді бұл туралы Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Бауыржан Серікбаев.

Оның пайымдауынша, халықаралық жағдайдың күрделі екеніне қарамастан Қазақстан демократиялық реформаларды жүйелі түрде жүргізіп, халықтың мемлекеттік басқару ісіне белсенді қатысу механизмдерін прагматикалық жолмен жетілдіріп келеді. Бұл - еліміздің дамуы жолында істеліп жатқан жүйелі реформалар. Алдағы уақытта да халқымыздың бірлігі мен ынтымағын сақтай отырып, Отанымыздың дамуы жолындағы реформалар мен игі істер жалғаса бермек.