ЕАЭО: Саяси амбициядан гөрі экономикалық нәтижелер маңызды – сарапшы
Басты басымдық – ұлттық мүдде. Кешегі Еуразиялық экономикалық форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы сарында нағыз дипломат ретінде нақыт саяси ұлттық ұстанымды көрсете білді. Егер де халықаралық қатынастарда кез келген қарсы тараптан жасалған әрекет мемлекеттің ұлттық мүддесінен 50 пайыз межесінен асатын болса, мұндай жерде халықаралық өзара қағидалар бұзылады деген теория тайға таңба басқандай анықталған.
Биылғы экономикалық форум аясында түрлі саяси бастамаларды танытқан Ресей мен Белоруссия елдерінің қимылдары біржақты ұстанымнан байқалды. Алайда негізсіз саяси амбицияға орын берілмейтіндігін, Еуразиялық экономикалық қауымдастыққа кіретін мүше-мемлекеттердің ортақ Жарғысы, теңдік, алалау мен қысым жасамау, ортақ мүмкіндіктерге ие болуға негізделген төрт қағиданы ел Президенті Қ.Тоқаев орынды әрі әдепкі ресми деңгейде көтере білді.
Оқи отырыңыз: Ерлан Саиров: ЕАЭС – тек экономикалық мүддені қарастыратын ынтымақтастық
Бір жағынан тамырынан басып көру деген әрекеттер деген де болған шығар Ресей тарапынан, оған да бой үйреткен ел басшысы былтыр Петерборда өткен форумның биік мінберінен де Донецк пен Луганск сияқты псевдо құрылған аймақтарды еш мойындамайтынын жеткізген болатын. Ең қызығы, жылда осындай саяси «киндерсюрприздер», әріптестеріне негізсіз «бүйректен сирақ шығарып» тұратын солтүстік құдайы көршінің осы қылығы аймақтық ынтымақтастықты нығайтудың орнына шайқалтатынын неге түсінбейді екен?!
Әрине, Ресейдің соңғы жылдары ерекше импершілдік амбициясы сыртқа ашық шығып жатыр. Оның үстіне батыс санкциялары да тықыртып, аймақтық геоэкономикалық ахуалды күрделендіріп бара жатыр. Дегенмен осындай жағдайда жеке қарым-қатынастарға негізделген Белоруссиямен ортақтығын - Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың форматына шығару үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тақырып екені қарапайым азаматқа да белгілі жайт еді.
Бұл жолы да Қазақстан бастаған қалған мүше елдер бастапқы келісімнің негізінде өзара интеграциялық саясатын жүргізе беруге қайта уағдаласқандай болды. Керісінше, аймақтық интеграция бағытында Қытаймен, Үндістанмен, Иранмен, Орталық Азиямен экономикалық, көлік-логистикалық байланыстарын тереңдете беру перспективаларына аса мән беруге шақырды. Бұл жағынан ел президенттері халықаралық деңгейде жеке ұлттық көзқарастары мен ұсыныстарын аталған форумның шеңберінде ортаға салды. Саяси амбициядан гөрі нақты экономикалық нәтижелер маңызды деген Қасым-Жомарт Кемелұлының пейілі аталған форумның қатысушыларының жетесіне жетті деп ойлаймыз.
Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы