00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған жобалары туралы

3 желтоқсан, 2024
Айгерим Ескендирова Айгерим Ескендирова
Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі татулық пен бірлікті нығайтуға бағытталған жобалары туралы
фото: автордан

Еліміздегі татулықтың тірегіне, ынтымақтың ұйытқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы – тәуелсіз Қазақстанның тарихы деп айтуға болады. Кез келген елдің тұрақты дамуына мемлекет ішіндегі береке-бірлік, қоғамдық тұтастық, халықтың ынтымағы тікелей әсер ететіні сөзсіз.

Құрылған күнінен бастап даму мен өрлеудің түрлі кезеңдерін өткерген Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде ел этностарының әлеуетін мемлекетіміздің орнықты дамуы мен өркендеуіне бағыттайтын, қоғамның барлық мүшесін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйымға, өзге елдерге үлгі боларлық бірегей институтқа айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Бұл құрылым өзін этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында сындарлы саясат жүргізе алатын тиімді құрал ретінде танытты» деп, Ассамблеяның рөлін айрықша атап өтті.

Ассамблеяның қызметі Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени тұтастығы негізінде еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған.

2014 жылдан бастап Ассамблеяның қызметін ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен ақпараттық сүйемелдеу және оның этномәдени бірлестіктерімен, өзге де қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастығын үйлестіру бағытында «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді.

Мекеме еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жолында этномәдени бірлестіктермен және өзге де қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыруда ауқымды жұмыстар атқарады.

Ассамблеяның жыл сайынғы сессияларын, Ассамблея Кеңесінің кезекті отырыстарын, этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл, Ассамбляеның қоғамдық құрылымдарының жұмысын үйлестіру және т.б. қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, әдістемелік және ақпараттық-түсіндіру іс-шараларын іс-шаралар ұйымдастыру «Қоғамдық келісім» РММ-ге жүктелген.

Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Медиация кеңесі, «Ассамблея жастары» РҚБ, Журналистер клубы, «Жомарт жан» орталығы қатысуымен жыл сайын түрлі іс-шаралар өткізіледі.

Республикалық Аналар кеңесі 2014 жылы құрылған. Аналар кеңесінің жобаларын жүзеге асыру еліміздің қоғамдық-саяси өміріне әйелдердің әлеуетін тартуға ықпал етеді. Қазақтың заңғар жазушысы М.Әуезов «Әйел-ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөздерінің мағынасы терең, себебі, елдің дамуына, қоғамның өркендеуіне әйел-ананың қосатын үлесі зор.

Халықтың ынтымағы мен татулығына селкеу түсірмей, жастарға ізгілік бағыт-бағдар берудің тиімді тетігіне айналған Ақсақалдар кеңесінің еліміздегі тұрақтылық пен орнықтылық жолында атқаратын міндеті ауқымды. Ақсақалдар кеңесі өмірлік тәжірибесі мол аға буынның әлеуетін елдің бірлігі мен келісімін нығайтуға тартуды көздейді. Елімізде мыңнан астам Ақсақалдар кеңесі құрылған.
2015 жылдан бастап жұмыс істейтін Медиация кеңестері жанжалдардың алдын алудың және дау-дамайларды бастапқы кезеңінде шешудің тиімді институты ретінде қарастырылады. Бүгінде әр өңірде медиация кабинеттері жұмыс істейді.

2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің мақсаты мен міндеттері – жастардың бастамаларын дамыту, жастар ортасында қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, қазақстандық жастардың әлеуметтік деңгейін көтеру.

2009 жылы құрылған Журналистер клубы – этносаралық қатынастар саласында бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігерін біріктіруге ықпал ететін тұрақты алаң.

Ассамблея қызметінің негізгі бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді дамыту. 2015 жылдан бері он жыл бойы үзіліссіз өтіп келе жатқан «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы мемлекеттік тілді меңгеруге ынта-ықылас танытқан ел этностарының жас жеткіншектерінің сүйікті жобасына айналды. «Мың бала» жобасы аясында 2015-2024 жылдар аралығында 125 мың іс-шара өтіп, оларға 3 млн-ға жуық адам қатысты.

Жоба аясында жыл сайын ұйымдастырылатын қазақ тіліндегі ашық диктантқа студенттер мен оқушылар, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысады. Биылғы 5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күніне орайластырылған жалпықазақстандық ашық диктантқа республика бойынша 300 мыңға жуық адам қатысты.

2019 жылдан бастау алған «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы – мемлекеттік тілді еркін меңгерген Ассамблея амбассадорларының тіл үйренудегі жеке тәжірибесін үлгі ететін жоба. Жоба мемлекеттік тілді этносаралық қатынас тілі ретінде насихаттап, оның қолданыс аясын кеңейтуге ықпал ету мақсатында ашық интерактивті алаң форматында өтеді.

«Қоғамдық келісім» РММ бастамасымен 2021 жылы «Қазақстан халқы ертегілері» кітабы қазақ тілінде жарыққа шықты. Екі томдық жинаққа Қазақстанның 25 ірі этносының 114 халық ертегісі енгізілді. Жоба аясында «Ертегілер әлемі» атты бейнероликтер түсіріліп, «YouTube» платформасында орналастырылды.  

Еліміздің 12  өңіріндегі Достық үйлерінде мемлекеттік тілді ілгерілетуге бағытталған жобалардың бірі – «Мәміле» қазақ тілінде пікір алмасу клубтары жұмыс істейді. «Мәміле» клубтары Қ.Тасыбековтың «Ситуативный казахский» жобасы негізінде бастау алған.

«Қоғамдық келісім» РММ жыл сайын жазғы лагерь түрінде ұйымдастыратын «Тіл мектебі» жобасы – этностар өкілдерін қазақ тілін үйренудің жаңа әдістемелерімен таныстырып, ынталы жастарға тілді одан әрі өз бетінше үйренуі үшін жағдай жасайтын танымал жоба.

«Ассамблея жастарының» бастамасымен 2023 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Үйде сөйле» жобасы қазақ тілін үйден алысқа ұзамай-ақ қызықты форматта үйренуге жағдай жасауға бағытталған.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясы шешімдері аясында жоспарланған арнайы жобалардың ішіндегі бірегейі – «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы. Бұл жоба мемлекеттік тілді ілгерілетуге мүдделі ҚХА қоғамдық құрылымдарының, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін және тіл жанашырларын біріктіруші алаң ретінде көзделген. Аталған жобаның негізгі идеологиясы: бірлік пен ынтымақтастықты нығайту.

«Қоғамдық келісім» РММ ұйымдастыруымен осы жоба аясында «Мемлекеттік тілді насихаттау жолдары мен механизмдері» және «Мемлекеттік тілдегі контент дамыту мен бәсекелестігін арттыру» тақырыптарына семинар-тренингтер ұйымдастырылды.

Ассамблея жұмысының маңызды бағыттарының бірі – елдегі қайырымдылықты дамыту. Этномәдени бірлестіктердің мүшелері барлық қайырымдылық акцияларына қатысып, көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға үздіксіз көмек көрсетеді. Биылғы су тасқыны кезінде де Ассамблея мүшелері жұдырықтай жұмылып, ҚХА-ның арнайы «Жүректен – жүрекке» жобасын ұйымдастырды, акция аясында барлық өңірлердегі Достық үйлерінде волонтерлер орталықтары мен гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылып, Қазақстанның зардап шеккен өңірлеріне көмек жіберіліп отырды.

Жыл сайын «Мектепке жол» республикалық акциясы ұйымдастырылады. Акция барысында балаларға мектепке арналған құрал-жабдықтар таратылады. 2024 жылы бұл акция Аналар кеңесі мен «Жомарт жан» орталығының белсенді қолдауымен өткізіліп, көмекке мұқтаж отбасылардың балаларына оқу жылына дайындалуға қолдау көрсетілді.

Осы орайда, «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясын айрықша атап өтуге тұрады. Акция аясында этномәдени бірлестіктер мүшелері мұқтаж жандарға  көмек көрсетеді.  

Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары туралы тарихи жадты зерделеу арқылы Қазақстан халқын шоғырландыратын ортақ құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» халықаралық форумы 2010 жылдан бері ұйымдастырылады.

Қазақ халқының рухани және мәдени құндылықтарының біріктіруші әлеуетін арттыруға арналған «Қазақтану» жобасы 2018 жылдан бастап өткізіледі. Жоба аясында өңірлерде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін насихаттауға арналған республикалық лекторийлер ұйымдастырылды.

Өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуге, мәдениетаралық диалогты дамытуға, ортақ мәдени және тарихи құндылықтарды қастерлеуге баулитын «Бірлік» жастар лагері, «Бір ел» жобалары «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаттарына негізделген.

Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегей жобалары еліміздегі татулық пен бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.
Ассамблеяның қызметі қоғамда тұрақтылық пен орнықтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды құрал ретінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.

Элина Масагутова, «Қоғамдық келісім» РММ директоры