Жүрек ауырып тұрғанын қалай білуге болады?
Көп жағдайда адамдар кеуде тұсының шаншуын жүрек ауруының басты белгісі деп ойлайды. Кейде асқазан ауырғанда немесе невралгия белгілерін жүрек дертімен шатастырады. Мұндай кезде жүрек ауруын қалай анықтауға болады деген сұрақ туындайды. Elordainfo.kz тілшісі бұл сауалды елордалық кардиолог дәрігері Әсемгүл Макжановаға қойып, жауабын білді.
11 жылдық тәжірибесі бар елордалық кардиологтың айтуынша, жүрек шаншығанда дененің сол жақ бөлігінде ауырсыну пайда болып, әрі қарай сол қолға, иыққа, арқаға әсер етеді.
«Жүректің ауыруы көбінесе кеуде тұсының шаншып немесе сыздап ауыруынан сезіледі. Ол сол қолға, иыққа, мойынға, төменгі жаққа немесе арқаға әсер етуі мүмкін. Көп жағдайда мұндай ауырсыну физикалық жүктемеден немесе стресс кезінде күшейеді. Жүректің ишемиялық ауыруы кезінде ауырсыну ентігу, тершеңдік, әлсіздік немесе мазасыздық сезімімен қатар болуы мүмкін», - дейді Әсемгүл Макжанова.
Кардиолог маман нақты жүректің ауырып тұрғанын түсіну маңызды екенін айтады.
«Жүрек ауыруы көбінесе физикалық белсенділік немесе эмоционалды күйзеліспен байланысты. Ал невралгия кеуденің шаншу немесе ауырсынуы арқылы білінеді. Ол қозғалыс кезінде және тыныс алғанда күшейеді. Сондай-ақ невралгия кезінде әдетте белгілі бір жерде ғана ауырсыну болады. Сондықтан да ол кезде жүрек ауырған кездегідей шаршау және тершендік белгілері болмайды.
Асқазанның ауыруы көбінесе шамадан тыс тамақтанумен немесе гастритпен байланысты. Ол кезде жүрек айнуы, құсу немесе асқазандағы ауырлық сезімі болуы мүмкін. Жүрек ауыруы, керісінше, тамақтануға қарамастан пайда болады, бірақ физикалық немесе эмоционалдық стрестен туындауы мүмкін. Ол диафрагмалық грыжа немесе рефлюкс белгілеріне ұқсас болады. Сондықтан ауырсынудың сипаты мен нақты қай жерде екенін нақтылау маңызды», - дейді маман.
Әсемгүл Макжанованың айтуынша, кеуде тұсының шаншып немесе сыздап ауыруы 15 минутқа дейін жалғасса, онда дереу дәрігерге бару қажет.
«Егер адамның кеуде тұсы 15 минут бойы қысып, жүрек айнып және сыздап ауырса, адамда ентігу және тершеңдік пайда болады. Тіпті ауырсыну сол қол мен мойынға, жаққа да әсер ете бастайды. Егер осындай белгілері болса, дереу дәрігерге қаралған жөн. Жүрек ауыруының белгілеріне немқұрайлы қарауға болмайды,- дейді ол.
Кардиолог кеңестері:
1. Жүрек тұсында ауырсынуды сезгенде дәрігерге барыңыз.
2. Салауатты өмір салтын ұстаныңыз. Темекі шегуден бас тартып, спортпен шұғылданыңыз.
3. Холестеринді, қан қысымын және қандағы қантты үнемі бақылап отырыңыз.
4. Стресс жағдайлардан аулақ болыңыз және демалуға уақыт бөліңіз.
5. Егер жүрек-қан тамырлары аурулары болса, дәрігердің ұсыныстарын қатаң сақтаңыз және өзін-өзі емдеумен айналыспаңыз.