Референдум еліміздің тарихындағы маңызды кезеңге айналмақ – Мәжіліс депутаты
Жексенбі күні өткен референдумға 8 миллионнан астам қазақстандық қатысты. Дауыс бергендердің 77,2 пайызы Конституцияға енгізіліп жатқан түзетулерді қолдады. Референдум біздің еліміздің тарихындағы маңызды кезеңге айналмақ, ол халықтың бірлігін және оның нақты өзгерістерге дайын екенін көрсетті.
Жалпы, 12 мамыр мен 3 маусым аралығында депутаттар еліміздің барлық өңіріндегі 1 204 елді мекенде болып, 120 мыңға жуық адамның қатысуымен 2,5 мыңнан астам кездесу өткізді. Қысқа ғана мерзімнің ішінде жаңа форматта ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Біз өзгерістердің мәнін әрбір қазақстандыққа қарапайым тілмен жеткізуге тырыстық.
Референдум қорытындысы қоғамның ел болашағына деген ортақ көзқарасы бар екенін көрсетті. Қазақстандықтар Президенттің конституциялық реформасына жоғары сенім мен қолдау көрсетті.
Бірақ Конституцияға енгізілетін өзгерістер – бұл реформалардың соңы емес, керісінше басы ғана екенін атап өткім келеді. Жаңартылған Конституция негізінде биліктің барлық институттары жұмыс істеуінің неғұрлым тиімді моделі қалыптастырылып, экономикалық және әлеуметтік реформалар қабылданатын болады, – деп жазды мәжілісмен Динара Зәкиева.