Соңғы жылдары аграрлық салаға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп келеді – Дайрабаев

Соңғы жылдары аграрлық салаға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп келеді – Дайрабаев
Жигули Дайрабаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев соңғы жылдары елімізде ауыл шаруашылығы саласына қолдау ерекше екенін айттты. Ол мұндай пікірін өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Депутаттың сөзінше, Президент Жолдауда ауыл шаруашылығы мен ауыл халқына қатысты мәселелерге ерекше аназар аударған. 

Ауыл – халқымыздың алтын бесігі, ал ауыл шаруашылығы – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан аграрлық салаға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп келеді. Биылдың өзінде фермерлерге 1 триллион теңге бөлінді. Бірақ Президент дұрыс айтты – мәселе тек қаржы көлемінде емес, оны тиімді игеруде.

Озық агроэкономикаға көшу үшін Үкіметтің нақты жоспары болуы керек. Агрохабтар мен логистика орталықтарын дамыту, заманауи технологияларды енгізу, жасанды интеллектіні пайдалану – ауыл шаруашылығын жаңа белеске шығаратын шешімдер деп білемін, - деді ол.

Депутат сондай-ақ ерекше аталған тағы бір саланы атады. 

Тағы бір маңызды мәселе – ғылым мен өндірісті ұштастыру. Бүгінгі күнде аграрлық ғылымның әлеуетін арттырмай, ауыл шаруашылығын ілгерілету мүмкін емес. Ветеринария мен фитопатологияға да баса көңіл бөлу қажет.

Президенттің тапсырмалары – ауылдағы ағайынның, диқандар мен малшылардың көкейіндегі сөз. Біз, депутаттар, осы міндеттерді заңнамалық тұрғыда қолдап, ауылдың дамуына бар күшімізді саламыз, - деп жазды депутат.

Жигули Дайрабаев бүгінгі жолдаудағы ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері мен фермерлерге қойған Мемлекет басшысының талабы біздің бір жылға арналған жұмыс бабымыздың бағдаршамы болуы керек екенін атап өтті.

Осы бастамалардың жүзеге асуы елдің бірлігі мен мемлекеттің тұтастығына тікелей байланысты, сондықтан оны әр азамат ерекше қастерлеуі тиіс, - деді ол.