Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық жоспар Үкіметте қаралды

Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары Үкімет отырысында қаралды. 87 іс-шарадан тұратын құжаттың негізгі бағыттары туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин баяндады, деп хабрлады Elordainfo.kz.
«Жоспар негізгі 8 бағыттан тұрады, оның ішінде жаңа инвестициялық саясат, өнеркәсіпті нығайту, АӨК дамыту, көліктік әлеуетті жүзеге асыру, ТКШ жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, адами капиталды дамыту және парламенттік реформаны жүргізу бар», - деп атап өтті вице-премьер.
Мәселен, инвесторлардың құқықтарын қорғау мақсатында Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті ретінде қайта құрылатын болады, ал экономиканың жоғары технологиялық секторларына Ұлттық қордан 1 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция құйылады.
Одан бөлек, 2026 жылғы қаңтарға дейін «Банктер туралы» Заң қабылдау жоспарлануда, оның негізгі міндеті нарыққа жаңа қатысушыларды тарту және банктердің еркін өтімділігін айналымға, атап айтқанда, экономиканың нақты секторына бағыттауды қамтамасыз ету болады.
Сондай-ақ жоспарда Alatau city-де жаңа іскерлік белсенділік пен инновациялар орталығы құру бар, ол криптоактивтерді пайдалана отырып төлем жүргізу мүмкіндігі бар крипто-фиат арналарын енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдету үшін Ұлттық банкпен бірлесіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру жоспарлануда.



