00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Конституциялық сот - адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі

20 шілде, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Конституциялық сот - адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі
фото: freepik

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдардағы Қазақстан халқына жолдауларында көптеген саяси реформалар жөніндегі бағдарламаларын таныстырған болатын. Соның ішінде 2022 жылдың 16 наурызында «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында «Құқық қорғау институттарын күшейту» туралы айтылған болатын. Elorda.info тілшісі осы реформалардың орындалу барысы жайлы Еуразия Ұлттық университеті заң факультеті қылмыстық-құқықтық пәндер кафедрасының меңгерушісі Бақытгүл Сембекова мен осы университеттің конституциялық және азаматтық құқық кафедрасы меңгерушісі Әбдіманап Бектұрғановтармен сұхбаттасқан еді.   

Тілші: Алдымен, Қазақстандағы Конституциялық сот жұмысы туралы түсіндіріп өтсеңіздер...

Бақытгүл Сембекова: 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда Конституциялық  сот өз жұмысын бастады, оған Мемлекет басшысы адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігін күшейту үшін бастамашылық жасады.

Конституциялық сотты құру туралы ұсыныс алғаш рет 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. Сол кезде Президент елімізде Конституциялық Кеңес бар екенін, алайда азаматтардың оған тікелей жүгіну мүмкіндігінен айырылғанын атап өтті. "Қазақстанда әртүрлі құқықтық нормаларды түсіндіруді Конституциялық кеңес береді. Алайда азаматтар оған тікелей түсініктеме алу мүмкіндігінен айырылады. Сонымен қатар, әлемнің көптеген елдерінде Конституциялық Сот сияқты институт жұмыс істейді, онда әркім тиісті өтініштер жібере алады. Осы жағдайларды ескере отырып, Мемлекет Басшысы Конституциялық сот құруды ұсынды. 

Бұл ретте, Бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоса алғанда, барлық азаматтар Конституциялық Сотқа жүгіне алады. Конституциялық сот құру туралы Норма 2022 жылғы 5 маусымда өткен Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі республикалық референдум арқылы ҚР Конституциясына енгізілді және бекітілді. Бұл ретте Конституциялық сотты құру жөніндегі норма "азаматтардың құқықтарын қорғау тетігін күшейту" деп аталатын өзгерістердің жеке блогына бөлінді. Бұл блокта азаматтардың өтініштері бойынша Конституциялық сот олардың құқықтары мен бостандықтарын Конституцияға сәйкестігіне тікелей қатысты ҚР нормативтік құқықтық актілерін қарайтын болады деп айтылды. Конституциялық сот құру туралы норманы, сондай-ақ қалған түзетулерді (түзетулер елдің Негізгі заңының үштен біріне қатысты-құжаттың 33-бабына 56 түзету) республикалық референдумда сайлаушылардың 77,18%-ы қолдады. 2022 жылдың 3 қарашасында Конституциялық соттың құрылуы Парламентте бекітілді. Ал 2022 жылғы 5 қарашада Мемлекет басшысы ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу жөніндегі референдум қорытындылары бойынша бірқатар маңызды заңдарға, оның ішінде Конституциялық Сот туралы заңға жария түрде қол қойды. Президент осы Заңға қол қойғаннан кейін, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы негізгі заңның - ҚР Конституциясының үстемдігін Конституциялық Сот қамтамасыз етуді бастады.

Тілші: Елімізде өлім жазасына тыйым салу мәселесі түбегейлі шешілді ме? Қазір ондай жаза бар ма?

Әбдіманап Бектұрғанов: Қазақстанда өлім жазасы туралы мәселе түпкілікті шешілді және жазаның бұл түрі Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 226-V Қылмыстық кодексінен ҚР 29.12.21 ж. № 89-VII Заңымен алып тасталды.

Тиісті өзгерістер ҚР Конституциясының 15-бабына енгізілді және егер бұрынғы редакцияда өлім жазасы адам өлімімен байланысты террористік қылмыстар үшін, сондай-ақ соғыс уақытында жасалған аса ауыр қылмыстар үшін үкім шығарылғанға кешірім жасау туралы өтініш жасау құқығын бере отырып, айрықша жаза ретінде заңмен белгіленгені атап өтілсе, қазіргі уақытта Негізгі Заңның 15-бабында: «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады».

Тілші: Азаптауға байланысты қылмыстарды тергеу мәселесінде қандай өзгерістер бар?

Бақытгүл Сембекова: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық сот ісін жүргізу саласындағы адам құқықтары, жазаны орындау, сондай-ақ азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР № 212-VII Парламентінің Заңына сәйкес реттеледі. Бұл заң азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне қарсы Конвенцияның ережелерінің толық және тиімді орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған. Прокуратура органдары азаптау істері бойынша айрықша тергеулікті белгілеу БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Комитетінің 2016 жылғы 11 шілдедегі Қазақстанның екінші мерзімді баяндамасына Қорытынды ескертулердің ұсынымдарына сәйкес келеді. Бұған дейін басқа органдардың қызметкерлеріне қатысты азаптау істері ішкі істер органдары мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тергеліп келген. Ал прокурорлардың да өз қалауы бойынша азаптауды тергеуге құқығы болған. Қазіргі таңда арнайы прокурорлармен Қылмыстық кодекстің 146-бабының 3-бөлігінде көзделген азаптау істері, яғни жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірген немесе оның өліміне әкеп соққан істер тергеледі. Прокуратураның басқа бөлімшелерінің прокурорлары азаптау істерін Бас Прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметімен келісім бойынша ғана өз өндірісіне қабылдауға құқылы. Заңнама нормаларын талдау азаптауды тергеуге тиісті өкілеттіктері мен құзыреттері бар тәуелсіз органның қатысуы керектігін көрсетті. Осыған байланысты, заңда азаптау істері дербес орган ретінде прокуратураның айрықша құзыреті белгіленген. Азаптау істерін тергеулігіне қарай беру кезінде оларды прокурорға беру мерзімі бір тәулікке дейін қысқартылды, бұл дәлелдемелерді қасақана жоюды немесе оларды алып тастауды кешіктіру нәтижесінде жоғалтуды болдырмайды. Бұл заңның қабылдануының нәтижесінде азаптау фактілерін тексерудің тиімділігі артады деп күтілуде.

Тілші: Алқабилер сот төреліктеріне берілетін істердің санаты көбейді ме? 

Әбдіманап Бектұрғанов: Сарапшылардың айтуынша, алқабилер институтының  белсенділігі бір жылдары тым өскен, кейбір жылдары тым төмендеу сипатына ие болған. Нақтырақ айтсақ,  2013 жылға дейін ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысты қылмыстық істерді қарау бойынша алқабилердің істері санатының өсу үрдісі байқалды. Мәселен, 2007 жылы олар 36 ал 2011 жылы 355 іс бойынша шешім шығарды. Бірақ, 2013 жылдан бастап бұл көрсеткіш  сегіз есе қысқарды. Алқабилер бұрын өлім жазасы және өмір бойына бас бостандығынан айыру көзделген қылмыстар туралы істер бойынша сот ісін жүргізуге қатыса алды.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилердің қатысуымен өтетін істердің саны 14-тен 32-ге дейін өсті. Ал алдағы  жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл санат 45-ке дейін кеңейеді, оның ішінде аса ауыр ғана емес, ауыр қылмыстар да бар. Дегенмен, төтенше жағдайлар мен тәртіпсіздіктер кезіндегі кісі өлтіру, терроризм және экстремизм, конституциялық құрылысты құлату әрекеттері, ұйымдасқан қылмыстық топтардағы қылмыстар және басқа да аса қауіпті қылмыстар орын алды. Терроризм, экстремизм, ұйымдасқан қылмыстық топтар деп айыпталғандардың жеткілікті қаржылық ресурстары, техникалық құралдары, қылмыстық коммуникациялары бар, сондықтан олар заңмен жеткілікті түрде қорғалмаған азаматтарға оның ішінде алқабилерге әсер етуді жоққа шығармайды. Мемлекет оларды мүмкіндігінше жоюға тырысады және жауапкершілікті өз мойнына алады. Келешекте мүмкіндігінше француз тәжірибесін қабылдаған дұрысырақ,  яғни ең қауіпті қылмыстар бойынша алқабилердің қатысуымен  бірыңғай сот қалыптасуы қажет. Ол 11 кәсіби судьядан тұратын, мемлекет тарапынан жеткілікті  дәрежеде қорғалған алқабилер соты – деп тұжырымдауға болады.