Ерболат Саурықов: Жолдауда қамтылған бастамалар аграрлық саланы жаңғыртуға бағытталған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы әлеуметтік-экономикалық, саяси және технологиялық даму бағытын айқындап берді, ауқымды мәселелер көтеріп, шешу жолдарын ұсынды. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде «Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Қолданбалы ауыл шаруашылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал, тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен «жердегі тіршіліктің» арасында алшақтық бар. Мен бұған дейін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын агротехнология хабы ретінде қайта құру туралы тапсырма бердім. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс», - деп ауыл шаруашылығы ғылымын кешенді дамыту қажеттілігіне баса назар аударды», - деді депутат.
Мемлекет басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы ғылымына нақты, цифрлық технологиялар негізіндегі даму жоспары қажет. Яғни, ол құжат - ғылыми зерттеулер мен тәжірибені біріктіре отырып, өнімділікті арттыруға бағытталған кешенді жол картасы болуы тиіс. Цифрлық технологиялар (мысалы, сенсорлық мониторинг, автоматизация, агродеректерді талдау) агроөнеркәсіптің туындаған мәселелеріне жылдам әрі тиімді жауап беруге мүмкіндік бермек. Ал жоспарлы жүйе инновацияны жылжытады, жеке зерттеушілер мен институттардың жұмысын үйлестіреді, нәтижесінде қомақты экономикалық және экологиялық пайда әкеледі.
«Өкінішке орай, білікті кадрлар тапшылығы ғылыми әлеуеттің толық іске аспауына кедергі.Бұл мәселенің шешімі ретінде оқу бағдарламаларын агробизнеске және агротехнологияларға бейімдеп, аталған бағытта интернатура, гранттық қолдау және ғылыми тәлімгерлік жүйесін дамыту қажет.Осы орайда, Ұлттық аграрлық ғылымибілім беру орталығын Агротехнология хаб ретінде қайта құру – өте орынды бастама деп ойлаймын. Негізі, бұл идея өткен жылғы Жолдауда алғаш рет айтылған болатын, енді оны нақты жүзеге асыру ұсынылып отыр. Өте тиімді қадам! Өйткені, ол ғылыми, тәжірибелі және білім беру ресурстарын бір орталыққа жинақтап, талпынысты инновациялық экожүйе қалыптастыруға және халықаралық ынтымақтастық негізінде біріккен жобалар арқылы әлемдік тәжірибені қазақ агроғылымына енгізуге мүмкіндік бермек», - деді спикер.
Ерболат Саурықов осы орайда халықаралық тәжірибелерге де сүйеуге болатынын айтты.
«Өйткені, цифрлық технологиялар әлемдік деңгейде ауыл шаруашылығы саласында екпінді енгізілуде. Мысалы, Австралия агротехнологияда (agtech) жетекші елдердің бірі және инновацияларды сынау алаңы ретінде кеңінен танылған. Фермерлер датчиктер мен мобильдік қосымшаларды қолдана отырып, малдың денсаулығын, қоректенуін және су мен топырақ көрсеткіштерін нақты бақылайды. Ал Еуропада EIPAGRI және agROBOfood желісі ауыл шаруашылығын роботтандыру мен үлкен деректерді интеграциялау бағытында қолданылуда.Испанияда Андалусия Agrotech DIH экожүйелік платформа құруда. Бұл платформа — агросаланың сұраныстары мен технологиялық қызметтерді, институттар мен мемлекетті өзара байланыстырады», - деді халық қалаулысы.
Африкада MShamba фермерлерге микрокредиттер, ауа райы болжамдары мен кеңелер ұсынатын инвестициялық және цифрлық агрохаб ықпалымен егін өнімділігін 30–50% өсіріп, табыс көлемін 60% арттырған. Германияда енгізілген Plantix зиянкестер мен ауруларды сурет арқылы жылдам диагностика жасайтын мобильді қосымша 127 елде қолданылады.
«Жолдауда қамтылған бастамалар — аграрлық саланы индустриялық, цифрлық жаңғыртуға бағытталған жүйелі қадамдар. Қазақстан ауыл шаруашылығының келешегі тек шикізатпен емес, өңделген өнім, ғылым және сандық технологиямен байланысты екенінің айқын айғағы. Өйткені, жүйелі ғылыми қолдау, инновациялық инфрақұрылым, адами капитал мен инвестиция — ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі 4 тірек десе боларлық. Қорыта айтқанда, аталған шаралар аграрлық ғылым мен тәжірибені байланыстыра отырып, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігі нығайтуға зор ықпалын тигізбек», - деді Мәжіліс депутаты.



