00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

TURAN ансамблі 15 жылдығына орай әлемдік турне өткізеді

TURAN ансамблі 15 жылдығына орай әлемдік турне өткізеді

Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен TURAN этно-фольклорлық ансамблі өзінің 15 жылдық мерейтойына орай әлемдік турне өткізеді, деп хабарлады Elorda.info.

1-17 сәуір аралығында Turan Еуропада бірнеше концерт өткізеді. Атап айтқанда, ансамбль Франция астанасы Парижге, Лион және Бельфорға, Швейцария астанасы Женеваға, Бельгия астанасы Брюссельге, Хорватия астанасы Загребке, Словения астанасы Люблянаға, Будапешт пен Венаға барады.

Айта кетейік, гастрольдер АҚШ астанасы – Вашингтонда басталды. Наурыз мейрамы аясында 21-23 наурыз аралығында ұжым Колумбия округі университетінде және Джордж Вашингтон университетінің сахнасында өнер көрсетті.

Турне аясында сахнаға  Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» басқа да солистері шығады: композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерттің» директоры Ақтоты Райымқұлова, атақты тенор және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Шотабаев пен виолончелист, Шанхай консерваториясының магистранты Талғар Шалқарұлы. Әрі қарай ансамбль Қырғызстан мен Өзбекстанға барады.

Осы 15 жыл ішінде Turan АҚШ-та және басқа елдерде бірнеше рет өнер көрсетті. Ансамбль бұған дейін Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Франциско және Вашингтондағы Карнеги холл және Кеннеди орталығы сияқты орындарда концерт берген. Ансамбль еліміздің ежелгі музыкалық өнерін, көмеймен əн орындау өнерін, көне аспаптардың дыбысын қайта жаңғыртты. Бұл ретте, ол бүкіл әлемдегі сан мыңдаған тыңдаушылардың құрметіне ие болды, бұл шетелдіктердің ұжымға деген қызығушылығының дәлелі, - деп атап өтті ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев.