Жер бетіндегі алманың арғы тегі: Жетісуда сиверстің гүлдеуіне арналған фестиваль өтті
Сиверс алмасын сақтау, қорғау және ғылыми тұрғыда зерттеу, жабайы алманы ұлттық табиғи мұра ретінде әлемге таныту, өңірдегі экологиялық туризмнің әлеуетін арттыру мақсатында Жетісу облысы Сарқан ауданының көркем табиғатында «Сиверс алма ағашының гүлдеуі» фестивалі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне сілтеме жасап.
Фестиваль аясында гүлдеген алма бақтарының көріністері, суретшілердің plein air (пленэр) байқауы, ұлттық ойындар мен мерекелік бағдарлама, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптейтін қолөнер көрмелері және шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Қонақтарға арналған ақпараттық тур барысында ғалымдар мен ұлттық парк қызметкерлері Сиверс алмасының жаһандық экожүйедегі рөлі туралы құнды мәліметтерді бөлісті.
Биылғы фестивальге 7000 адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, Ұлттық компаниялар өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, Түркия, Ресей, Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінен келген танымал суретшілер және ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі, ЕҚТА (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар) мамандары, туризм индустриясының сарапшылары мен алыс-жақыннан келген саяхатшылар болды.
Аталған фестиваль 2018 жылдан бері «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ аумағында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатыр.
Айта кету керек, Сиверс алмасы – жер бетіндегі барлық мәдени алма сорттарының арғы тегі, биологиялық әртүрліліктің алтын діңгегі. Алма ағаштары гүлдеген сәтте тау беткейлері ақ-қызғылт түске боялып, көз тартарлық табиғи ландшафт қалыптастырады.

Жетісу облысы – Сиверс алмасының негізгі табиғи таралу аймақтарының бірі. Ғалымдардың бағалауынша, Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында бұл жабайы алманың әлемдік қорының 48,8 пайызы шоғырланған.
«Сиверс алма ағашының гүлдеуі» – бұл жай ғана мереке емес, табиғат пен адамзаттың үндестігін дәріптейтін, экологиялық сананы қалыптастыратын ерекше сәт. Жетісудың інжу-маржаны саналатын бұл мекен алдағы уақытта да халықаралық экотуризмнің орталығына айнала бермек», – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Қазақстанда қанша гектар алма бағы бар екенін жазған болатынбыз.