Жеңіс Қасымбек: Жанын пида еткен батырларымыздың рухына тағзым етіп, есімдерін ардақтап еске аламыз

Жеңіс Қасымбек: Жанын пида еткен батырларымыздың рухына тағзым етіп, есімдерін ардақтап еске аламыз
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ардагерлер, тыл еңбеккерлері және елорда тұрғындарын 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Қала әкім бұл туралы жеке парақшасында жазды. 

«Құрметті ардагерлер, тыл еңбеккерлері және елорда тұрғындары!

Сіздерді 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл қастерлі мереке өшпес айбын мен мұқалмас жігердің, Отанға деген шексіз махаббаттың мәңгілік символы болып қала бермек. Біз майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің, бейбітшілік пен бостандық жолында жанын пида еткен батырларымыздың рухына тағзым етіп, есімдерін ардақтап еске аламыз.

Өткеннің өшпес тарихын қастерлеп, ардагерлерімізге лайықты құрмет көрсету және өскелең ұрпақтың бойына отаншылдық пен намыс рухын сіңіру – баршамызға ортақ парыз.

Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевтің шаңырағына барып, ақсақалдың хал-жағдайын білдік. Соғыс жылдарында ол Польша, Румыния және Венгрия елдерін азат ету шайқастарына қатысқан. Соғыстан кейінгі уақытта Ақмола облысының ауылдарында экспедитор болып еңбек етті.

Мереке құтты болсын! Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат және әр шаңыраққа құт-береке мен ырыс-ынтымақ тілеймін!», - деді Жеңіс Қасымбек.

Еске сала кетсек, Астанадағы жалғыз көзі тірі соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері мерекемен құттықтады.