Владимир Шнайдер: Қазақ жері - сан алуан этнос өкілінің жерұйығына айналған құтты мекен

Владимир Шнайдер: Қазақ жері - сан алуан этнос өкілінің жерұйығына айналған құтты мекен
Фото: Владимир Шнайдердің жеке архивінен

Соңғы халық санағы бойынша елімізде 122 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатқаны белгілі. Оның ішінде қоғамдағы абыройлы ісі, отбасындағы өнегелі тәлімімен көпті тәнті етіп отырған интернационалды отбасылар да жетерлік. Солардың қатарында елордалық Шнайдерлерді ерекше атауға болады. Elordainfo.kz тілшісі 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні қарсаңында қазақ тілінің жанашыры, дегдар тіл мамандары отбасының өмір-дастанымен танысты.

Ұстаз, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Шнайдерлер отбасының отағасы Владимир Александровичтің кіндік қаны қазақ елінде тамған. Өзі айтқандай, 1941 жылы желтоқсанның ызғарлы аязында Ресей жері, Краснодар өлкесі, Армавир қаласынан Қазақстанға қоныс аударған немістердің қазақ жерінде дүниеге келген екінші буын өкілі.

«Екінші буыны дейтінім, әкем Александр Андреевич 1943 жылы Павлодар облысына қарасты Тегістік ауылында дүниеге келіп, сол жерде бақилық болды. Қазақ әуені мен тілін сүйіп, салты мен дәстүрін қабылдап, Сарыарқаның жусанын иіскеп, жуасын жеп, қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, бір нанды үзіп жескен сол киелі жерде мен де ер жеттім...

Біз - депортацияға ұшыраған немістің ұрпақтарымыз. Аталарымыздың Қазақстанға депортациясы адамзат тағдырындағы ең күрделі әрі қасіретті оқиғаның бірі деп есептеймін. Күштеп қоныс аударылған мыңдаған неміс ұлтының өкілдері 1941 жылы Қазақстан жеріне жеткізілді. Бейтаныс орта, жат жер, ауыр тұрмыс – аталарымыз үшін қатал сынақ іспеттес болды. Осындай қиын-қыстау кезеңде қазақ халқы қол ұшын созды. Нанымен бөлісіп, баспанасына паналатты. Бұл – жай ғана көмек емес, бұл – аса жоғары адамгершіліктің, биік рухтың көрінісі еді.

Сол немістердің Қазақстанды жалғыз Отаным деп қабылдаған бүгінгі ұрпақтары, тіпті «тарихи Отанына» кетіп қалғандары да қазақ халқының сол кезеңдегі мейірімділігін ешқашан ұмытқан емес», - деп өткен күндерді тебірене еске алды Владимир Александрович.

Тегістік тәрізді нағыз қазақи тәрбиенің тал бесігі, қонақжай елі бар, кеңпейілді қазақ ауылында өскен Владимир қазақшаға судай. Алғаш мектеп табалдырығын да осы ауылда аттады. Ал жоғары 8-10 сыныптарды Павлодар қаласындағы № 3 облыстық мектеп интернатында тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды.

«Мен туып-өскен орта – нағыз қазақы орта. Ана тілім – қазақ тілі, оны бала күнімнен еркін меңгеріп өстім. Ал мектеп сол іргетасты одан әрі нығайтты. Ол менің сөйлеу мәдениетімді жетілдіріп қана қоймай, әдеби тілді терең меңгеруге жол ашты. Қазақ тілінде сауатты жазу, ойды жүйелі жеткізу, түрлі стильдерді ажырата білу – осының бәрі білім ордасында қалыптасқан маңызды дағдылар. Бұл қабілеттер бүгінгі күні де өз маңызын жоймай, өмірде еркін бағдар табуыма негіз болып отыр», - дейді ол.

Туған жер, өскен орта талапты ұлдың тағдырын да айқындағандай. Владимир Александрович кейін қазақ тілінің маманы болып қалыптасады.

«30 жыл өмірімді жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне арнап келемін. Жолдасым екеуміз де - Астана қаласындағы Астана халықаралық университетінің ұстаздарымыз. Мамандығымыз - жүрек қалауымыз. Себебі мектеп қабырғасынан-ақ қазақ тілі мен әдебиетіне және тарихына деген ерекше қызығушылығым болды. «Абай жолы», «Қан мен тер», «Оянған өлке», «Көшпенділер», «Қазақ солдаты» т.б. туындыларды бала кезімнен оқып, жастық шағымызда кешегі дүниеден озған Мұхтар Шаханов ағамыздың «Нарынқұм трагедиясы», «Құлпытас кепиеті», «Отырардың күйреуі» поэмаларын жаттап, тіл мен әдебиетке деген құштарлығым арта түсті. Мамандық өмірлік серігіммен де бір арнада табысуыма септігін тигізді», - дейді ризашылықпен кейіпкеріміз.

Оның пайымдауынша, қазіргі қоғамда білім мен ғылымның дамуына үлес қосып жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында жары Ғалиябану Қабиқызын екенін мақтанышпен айтты.

«Екеуміз де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім нәрімен сусындадық. Бірақ біз университетен бұрын танысқанбыз. Маған, ең алдымен, оның мінезі ұнады. Қарапайымдылығы көзге бірден түсті. Оның бойындағы қазақи тәрбие де ерекше әсер қалдырды. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, сөзге тоқтау тәрізді қазақ қызына тән асыл құндылықтарды байқадым. Сондай-ақ, айналасындағыларға деген жанашырлығы мен кішіпейілділігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Өзгенің жағдайына бей-жай қарамай, қолынан келгенше көмектесуге дайын тұратын адамгершілігі бір төбе», - деген ол жұбайы екеуі отбасында да осы тәрбиелік ұстанымға ден қоятынын айтты.

Олар Альминура мен Елдана атты қыздарын кішкентай кезінен-ақ қазақ халқының бай педагогикалық мұрасымен сусындатып өсірген.

«Екеуміз де қазақ тілі маманы болған соң, қазақи ортада өмір сүрген соң балаларым да қазақша сөйлегенін қалаймын. Сол үшін де қазақ мектебіне беріп, өз ортамызда қазақша ғана сөйлеуді «заңдылыққа» айналдырдық. Қазақ тілі ғана емес, халқымыздың бай әдеби мұрасы, көркем шығармалар мен қазақ тарихына қатысты деректер балаларымыз бен біздің ортадағы басты әңгіменің тақырыбы болып табылады», - деді ол.

Альминура мен Елдана Шнайдерлер - ата-анасының үлгісімен білімге құштар болып өскен жастар. Альминура - қазақ-түрік лицейінің түлегі. Өмірлік мамандығы ретінде медицина саласын таңдап, осы жолда хирургия мамандығы бойынша білім алып, өз ісінің қыр-сырын меңгерді. Қазір тұрмыста. Қызмет бабымен отбасымен шетелде тұрып жатыр. Ал Елдана – Астана қаласындағы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебінің түлегі. Бүгінде Астана қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті. Зерек жас сәулет өнері мамандығын таңдап, болашақ архитектор ретінде қалыптасу жолында білім алып жүр.

«Біздің отбасымызда неміс және қазақ дәстүрі қатар жүреді. Әр мереке келген сайын мерекелік дастарқан жайылып, барлығымыз бір дастарқан басында жиналамыз. Біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздік күні, Жеңіс күні, Наурыз мейрамы, сондай-ақ Ораза айт пен Құрбан айт ерекше маңызға ие. Сонымен қатар, біз неміс халқының Рождество мен Пасха мейрамдарын да атап өтеміз. Осындай түрлі мәдени дәстүрдің тоғысуы отбасымыздағы бірлік пен сыйластықты арттыра түседі. Отбасылық дәстүрлі мейрам ретінде отбасымызбен бірге Жаңа жылды қарсы алғанды ерекше ұнатамыз – бұл біз үшін ең жылы әрі қуанышты сәттердің бірі», - дейді Владимир Александрович отбасында қалыптасқан дәстүрлер туралы.

Кейіпкеріміз, әсіресе, ел бірлігі мен татулығы, қазақ тілі мен мәдениеті жайлы мәселені сөз еткенде жан дүниесі ерекше тебіреніске толатынын жасырмады. Халқымыздың бірлігі туралы толғамды ойларын да ортаға салды.

«Қазақ жері - сан алуан этнос өкіліне жерұйыққа айналған құтты мекен, мызғымас татулық пен бірліктің шаңырағы.

Қазақстан – жүзден астам этнос татулықта өмір сүріп жатқан бірегей мемлекет. Бұл – кездейсоқ құбылыс емес, ғасырлар бойы қалыптасқан өзара сыйластық пен түсіністіктің нәтижесі. Бүгінгі таңда ел дамуының басты кепілі де –  осы бірлік.

Түрлі тілде сөйлеп, түрлі мәдениеттен нәр алғанымен, баршамызды біріктіретін ортақ құндылық бар. Ол – туған жерге деген сүйіспеншілік, бейбіт өмірге деген ұмтылыс, ортақ болашаққа деген сенім.

Қазіргі жаһандану дәуірінде бірліктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Әлемде түрлі қайшылықтар орын алып жатқан кезеңде, ел ішіндегі татулықты сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі. Бірлік – тек ұран болмауы тиіс деп есептеймін. Ол – күнделікті өмірде көрініс табатын әр адамның нақты іс-әрекеті.

Сондықтан Қазақстан халқының бірлігі – елдің ең басты байлығы. Оны сақтау, нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз», - деді Владимир Александрович.

Осындай ынтымағы жарасқан елде өмір сүру үлкен бақыт әрі мақтаныш екенін айтқан ол әр шаңыраққа амандық, бақ-береке тіледі.