Джеки Чанның фильмі Маңғыстаудағы Бозжырада түсіріліп жатыр

Джеки Чанның фильмі Маңғыстаудағы Бозжырада түсіріліп жатыр
Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысында әлемге әйгілі актер Джеки Чанның қатысуымен түсірілетін «Құдайдың сауыты 4: Ультиматум» халықаралық кино жобасының түсірілімі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Sәlem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жүзеге асыратын жобаның түсірілім тобы Маңғыстаудың бірегей табиғи ландшафтында алғашқы кадрларды таспаға түсіруге кірісті  Фильмнің негізгі түсірілім алаңының бірі ретінде әлемге танымал Бозжыра шатқалы таңдалған. 7-12 маусым аралығында аталған аумақта 35 адамнан тұратын түсірілім тобы жұмыс жүргізіп, фильмнің бірқатар көрінісін түсірді.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай шығармашылық топ өкілдерімен кездесіп, халықаралық ауқымдағы кино жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау білдірді.

– Маңғыстау киноиндустрия саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қолайлы өңір. Біз креативті экономиканы дамытуға, мәдени мұраны насихаттауға және өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған бастамаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұндай жобалар Маңғыстауды халықаралық деңгейде танытып, өңірдің әлеуетін кеңінен көрсетуге мүмкіндік береді, – деді облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Аталған жоба ішкі туризмді халықаралық деңгейде ілгерілетуге жаңа мүмкіндіктер ашады. 

Түсірілім жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарлануда, ал фильмнің прокатқа шығуы 2027 жылдың ақпан айына белгіленген.

Еске салсақ, режиссер Әліби Мұқышевтің «No Good In Sight: A Story» фильмі 28-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінде көрсетіледі