Триатлоннан Азия чемпионатында астаналық спортшылар жүлдегер атанды

15 маусым, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Триатлоннан Азия чемпионатында астаналық спортшылар жүлдегер атанды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Қытай Халық Республикасының Сюйчжоу қаласында триатлоннан Азия чемпионаты өтіп, құрлықтың үздік спортшылары өзара мықтыны анықтады. Байрақты бәсекеге Азияның 20 елінен 185 спортшы қатысып, суперспринт бағдарламасы бойынша сынға түсті, деп хабарлайды Elordainfo.kz әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Чемпионат аясында қатысушылар ересектер, жасөспірімдер және 15 жасқа дейінгі санаттарда бақ сынады. Дүбірлі додада Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, Қазақстан қоржынына кезекті жүлделерді салды.

Атап айтқанда, U17 жас санатында сынға түскен елордалық Рамазан Айнегов тамаша өнер көрсетіп, Азия чемпионы атанды. Ол суперспринт бағдарламасын 00:25:49 уақыт көрсеткішімен аяқтап, мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті және құрлық біріншілігінің алтын медалін иеленді.

Сонымен қатар, U17 жас санатындағы аралас командалық эстафетада Қазақстан құрамасы күміс жүлдені жеңіп алды. Команда сапында өнер көрсеткен астаналық спортшы Алуа Нұрмұхамет те жарыс барысында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, құраманың жүлделі орыннан көрінуіне елеулі үлес қосты.