Құрылтай ветеринарларға әлеуметтік қолдау көрсету туралы заң жобасын мақұлдады

Құрылтай ветеринарларға әлеуметтік қолдау көрсету туралы заң жобасын мақұлдады
Фото: quryltai.kz

Құрылтай ветеринария саласындағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта ветеринария мамандарына қосымша әлеуметтік қолдау шараларын енгізу қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Құрылтайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттардың бастамасымен әзірленген заң жобасы ветеринария саласын жаңғыртуға және мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

Атап айтқанда, ветеринария қызметкерлеріне жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беру және сауықтыруға арналған жәрдемақыны кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде төлеу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар ғылыми дәрежесі бар ветеринария мамандарына негізгі жұмыс орны бойынша ай сайын қосымша ақы төлеу көзделген. Ғылым кандидаттарына – 17 АЕК, ал ғылым докторларына 34 АЕК мөлшерінде үстемеақы белгілеу ұсынылған.

Заң жобасында ветеринариялық палата құру мәселесі де қамтылған. Бұл қоғамдық ұйым ветеринар дәрігерлердің құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға, мамандардың есебін жүргізуге және олардың біліктілігін арттыруға ықпал етуге тиіс.

Қазіргі уақытта заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ұсынылған өзгерістер заңнамалық рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана күшіне енуі мүмкін.

Бұған дейін қазақстандық компания малды спутник арқылы бақылау технологиясын халықаралық нарыққа шығарғаны хабарлаған еді.