Қазақстанда балық өсіруді дамытуға не кедергі - Руслан Идрисовтың ұсынысы

Бүгін, 12:57
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстанда балық өсіруді дамытуға не кедергі - Руслан Идрисовтың ұсынысы
Фото: АШМ

Қазақстанның су ресурстары мол болғанымен, отандық балық шаруашылығының дамуына импорттық жемге тәуелділік, несие алудағы қиындықтар және балық өсіру питомниктерінің жеткілікті деңгейде жаңғыртылмауы кедергі келтіріп отыр. Бұл мәселелерді Respublica партиясынан сайланған Құрылтай депутаты Руслан Идрисов Премьер-Министрге жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Сала өкілдерінің бағалауынша, Қазақстан мамандандырылған балық жемінің 80–90%-ын шетелден импорттайды. Ал жем шығындары өсірілген балықтың өзіндік құнының 70%-ына дейін жетеді.

Бұдан бөлек, балық шаруашылығы ұзақ мерзімді инвестицияларды қажет етеді. Мәселен, форель өсіру циклі шамамен екі жылға созылса, бекіре тұқымдас балықтардан уылдырық алу үшін 3–7 жыл қажет. Алайда қолданыстағы несие беру шарттары өндірістің осы ерекшеліктерін ескере бермейді.

Тағы бір мәселе — су айдындарының әлеуетін толық пайдаланбау. Депутат келтірген деректерге сәйкес, Қазақстандағы 2 832 су айдынының 1 257-сі резервте тұр. Олардың биологиялық әлеуетіне әлі толық бағалау жүргізілмеген.

Осы мәселелерді шешу үшін Руслан Идрисов Үкіметке бірқатар ұсыныс енгізді. Атап айтқанда:

- отандық балық жемін өндірушілерге 25% мөлшерінде инвестициялық субсидия беру және салықтық ынталандыру тетіктерін қарастыру;

- балық өсіру шаруашылықтарына несие беру шарттарын өндірістік циклдің ұзақтығына қарай қайта қарау;

- Атырау бекіре өсіру зауыты мен Қамыстыбас және Петропавл балық питомниктерін жаңғырту, шабақ өндіру көлемін кезең-кезеңімен жылына 80 млн данаға дейін ұлғайту;

- су айдындарын түгендеп, олардың аквашаруашылықты дамыту әлеуетін бағалау;

- мамандандырылған зертханалар мен ғылыми сүйемелдеу жүйесін дамыту.

Сонымен қатар депутат экологиялық өтемақы тетігін жетілдіруді ұсынды. Оның пікірінше, балық ресурстарына келтірілген зиян үшін төленетін өтемақы қаражаты, ең алдымен, зардап шеккен су экожүйелерін қалпына келтіруге бағытталуы тиіс.

Руслан Идрисовтың айтуынша, су шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасау балық өнімдерінің отандық өндірісін арттыруға, импортқа тәуелділікті азайтуға, өңірлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.