Абай облысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі тоқтатылды

15 маусым, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Абай облысында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісі тоқтатылды
фото: Оңалхан Өнерхан

Абай облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататын «Семей орманы» МОТР ММ-нің Тау-Дала филиалына қарасты Үлкен-Бөкен орманшылығы аумағында пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру фактісін анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы прокуратурасына сілтеме жасап. 

Заңсыз қызметтің салдарынан топырақтың құнарлы қабаты мен жасыл желектер жойылып, орман қорының жерлері бүлінген.

Орманшылықтың мәліметіне сәйкес, келтірілген залал мөлшері 228 млн теңгеден асты.

Осыған байланысты Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 334-бабы 3-бөлігі 3) тармағы бойынша (жер қойнауын өз бетінше пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

Облыс прокуратурасы жер қойнауын заңсыз пайдалану, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шаруашылық қызметті жүзеге асыру заңда белгіленген жауаптылыққа, оның ішінде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді.

Экологиялық заңнаманы бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу бойынша қадағалау шаралары жалғасатын болады, ал қоршаған ортаға зиян келтірудің әрбір фактісіне келтірілген залалдың толық көлемде өтелуін қамтамасыз ете отырып, қағидатты құқықтық баға беріледі.

Еске салайық, бұған дейін елордада жер қойнауын пайдаланудағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары күшейтілгені туралы жаздық.