Астанада шомылу маусымына байланысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді

Астанада шомылу маусымына байланысты түсіндіру жұмыстары күшейтілді
Фото: Василий Крась

Астананың Орталық саябағындағы Есіл өзенінің жағажайында Төтенше жағдайлар және Полиция департаменттері мамандары мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының белсенділері «Қауіпсіздік өзіңнен басталады» акциясын өткізіп, қала тұрғындары мен қонақтарына су айдындарындағы сақтық шараларын түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар жағажайға тынығуға келген тұрғындармен тілдесіп, судағы қауіпсіздік шараларын ескертті.

«Биылғы шомылу маусымының басты ерекшелігі – тұрғындар арасында судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуінде. Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан күн сайын профилактикалық рейдтер мен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарының сақталуы тұрақты бақылауға алынған.

Осы орайда құтқарушылар мен «Астана жастары» волонтерлері тұрғындармен тікелей кездесіп, бірлескен ауқымды акция өткізіп отыр. Мұндай іс-шаралардың маңызы зор, себебі қауіпсіздік тек құтқарушылардың емес, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінде», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы Севиль Асадова.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша 5 рұқсат етілген жағажай бар және 21 шомылуға ресми түрде тыйым салынған орын белгіленген.

ТЖД мамандарының сөзінше, жаз уақытында жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін балалардың бос уақытын қатаң қадағалау маңызды.

«Жазғы уақытта, каникул басталған кезде, балаларды жай үйде қалдырмай, оларды арнайы секцияларға берген дұрыс. Себебі балалар өзі қалып, достарымен су жағажайларына қыдырып кетуі мүмкін. Балық аулауға немесе жағажайға үлкендерсіз шомылуға барып, өз күштерін ескермегеннен, суға батып кету қаупі артады. Ата-аналарсыз барғанның өзі қауіпті болып есептеледі», - деп ескертті Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері азаматтық қорғау капитаны Жанболат Мухан.

Мамандардың айтуынша, су айдындарындағы жазатайым оқиғалардың басты себептері мынадай:

- Адамдардың суға түсу кезінде өз күштерін дұрыс есептей алмауы;

- Жағажайларда алкогольдік ішімдіктер тұтыну;

- Балаларды су жағасында үлкендердің қарауынсыз қалдыру.

Еріктілер мен құтқарушылар өткізген акция тұрғындар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Сауалнамаға қатысқан қала тұрғындары осы бастама туралы өз ойларын бөлісті:

«Мұндай ескертулердің әсіресе жасөспірімдер мен балалар үшін пайдасы өте зор. Бүгін алған маңызды ақпаратты міндетті түрде отбасыммен, жақындарыммен бөлісемін», - деді сұхбат берген қала тұрғыны.

Акцияға қатысқан өзге тұрғындар да мұндай профилактикалық жұмыстардың маңызын атап өтті.

«Тұрғындар ретінде қауіпсіздік үшін тыйым салынған жерлерге бармаған дұрыс. Балалардың мұндай қауіпті аймақтарға бармауын ең алдымен ата-аналар қадағалап, ескертіп отыруы тиіс», - деді тағы бір астаналық.

Жазғы уақытта балалардың суға кету қаупін болдырмау үшін, ТЖД мамандары ата-аналарға мынадай маңызды кеңестерді ұсынады:

  • Балаларды су жағасында қараусыз мүлдем қалдырмау және қауіпті аймақтарға өздігінен жібермеу;
  •  Жазғы демалыс кезінде балаларды бос қалдырмай, арнайы үйірмелер мен спорттық секцияларға берген жөн;
  • Балаларға судың астындағы қауіп пен қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыру.

Астана қаласының ТЖД алдағы уақытта да осындай профилактикалық жұмыстарды қарқынды түрде жалғастырады. Тікелей рейдтерден бөлек, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық материалдар жарияланып, тұрғындарға маңызды ескертулер тұрақты түрде жеткізіліп отырады.

Авторы: Әдемі Сайрамбаева