Бурабайда жол апатында автобустағы 9 жолаушы жарақат алды
14 маусымда түсте Щучинск - Бурабай автожолында Volvo автобусы мен Changan автокөлігі соғылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақмола облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Астана - Бурабай бағыты бойынша жүріп келе жатқан және демалушыларды курорттық аймаққа тасымалдайтын автобус қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Changan автокөлігімен соқтығысып, одан кейін ағашты басып өткен.
Апат салдарынан 11 адам зардап шекті, оның ішінде 9 адам автобус жолаушысы және Changan көлігіндегі 2 адам.
Қазір полиция жол апатының мән-жайын тексеріп жатыр.
Айта кету керек, жыл басынан бері өңірде полиция жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 300-ден астам автобус жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілерін жолда өте мұқият болуға және жол ережесін қатаң сақтауға шақырады.