Паванадан қазақ вальсіне дейін: «GULDER» ансамблі дәуірлер үндестігін сахна төрінде тоғыстырды
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «GULDER» ансамблінің «EXPERIENCE №4: Паванадан қазақ вальсіне дейінгі дәуірлер диалогы» атты ерекше форматтағы концерт-дәрісі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Өнер мен танымды ұштастырған жоба көрерменге әлемдік би мәдениетінің тарихи даму жолын таныстырып, әр дәуірге тән эстетика мен көркемдік ерекшеліктерді сахналық қойылымдар арқылы паш етті. Кеш барысында би өнерінің ғасырлар бойы қалыптасқан эволюциясы көркем композициялармен сабақтастырылып, әр кезеңнің өзіндік болмысы жан-жақты ашылды.
Концерт бағдарламасына павана, менуэт, полонез, вальс, танго, латино және қазақ вальсі енгізіліп, әрбір туынды өз дәуірінің рухы мен мәдени ерекшелігін көрерменге әсерлі жеткізді.
Жобаның авторлары – «GULDER» ансамблінің бас балетмейстері, халықаралық байқаулардың лауреаты Анвара Садықова мен педагог-хореограф Дана Қуанышбекова. Концерт-дәріске ансамбль әртістерімен қатар өнер қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, Қазақ ұлттық хореография академиясының студенттері және «SAMGA» квартеті қатысты.
Кеш барысында ансамбль әртістері көрерменге қазақ вальсіне арналған бағдарлама ұсынып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды.