Германия Қазақстанның көмір кәсіпорындарындағы жобаларға қатысуға қызығушылық танытты

Германия Қазақстанның көмір кәсіпорындарындағы жобаларға қатысуға қызығушылық танытты
Фото: Энергетика министрлігі

Қазақстан мен Германия энергетикалық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап. 

ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов Германия Федеративтік Республикасының Экономика және энергетика федералдық министрлігінің статс-хатшысы Штефан Рунхоффпен кездесті. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері және әлемдік нарықтарды энергия ресурстарымен тұрақты қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты.

«Мұнай саласындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар Қазақстан мұнайын Германияға жеткізу бойынша ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын қарастырып, энергетикалық әріптестіктің сенімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

Көмір саласы бойынша Германия бизнесінің өкілдері Koch Solutions компаниясының технологиялық шешімдер мен жабдықтарды жеткізу арқылы Қазақстанның көмір кәсіпорындарындағы жобаларға қатысуға қызығушылық танытып отырғанын хабарлады. Қазақстан тарапы тиісті ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін растап, көмір өнеркәсібі мен көмір химиясы саласына заманауи технологияларды тартуға мүдделі екенін жеткізді.

«Жасыл» сутегі жобалары бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара қызығушылықтарын растады. Қазақстан тарапы жобаны іске асыруға дайын екенін және оны дамыту үшін барлық қажетті алғышарттардың бар екенін атап өтті», делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және конструктивті диалогты дамытуға өзара мүдделіліктерін растады.

Еске сала кетсек, елімізде электр энергиясының 62%-дан астамы көмірден өндіріледі.