Спорт комитеті «Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтату туралы ақпаратқа қатысты түсініктеме берді
«Астана» баскетбол клубының қанағаттанарлықсыз нәтижелері және спортты қаржыландыру саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер клубты одан әрі дамыту тәсілдерін қайта қарауға негіз болды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоға сілтеме жасап.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өзінің Telegram-арнасында ақпараттық хабарлама жариялады.
«Астана» баскетбол клубының қызметін тоқтату туралы ақпаратқа қатысты келесіні хабарлаймыз.
Соңғы жылдары клубтың халықаралық аренадағы нәтижелері алға қойған міндеттері мен күткен нәтижелерге сәйкес келмеді.
ВТБ Бірыңғай лигасының өткен маусымының қорытындысы бойынша «Астана» баскетбол клубы соңғы 12-орынға тұрақтады. Команда 44 матчтың тек екеуінде ғана жеңіске жетіп, жеңіліс көрсеткіші 95 пайыздан асты. Бұл – клубтың ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең нашар нәтиже. Сонымен қатар команда соңғы 8 жыл бойы аталған турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмады.
Ішкі аренада да «Астана» баскетбол клубы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алмады. Команда Қазақстан Кубогы жолындағы бәсекеде есе жіберіп, Ұлттық лиганың чемпиондық атағын да иелене алмады.
Өткен жылы спорт саласын қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңның негізгі ережелері ұлттық құрама командаларды дамытуға басымдық беріп, спорт резервін қалыптастыруға, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салуға бағытталған.
Қазіргі таңда отандық баскетбол спортын дамыту тәсілдерін қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Негізгі басымдық жастар командасын дамытуға, сапалы спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі», – деп жазылған ресми мәлімдемеде.