Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар келісімге қол қойылды
Мемлекет басшысының Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, саланы цифрландыруға және Қазақстанның транзиттік әлеуетін нығайтуға бағытталған бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Негізгі құжаттың бірі Қазақстан Үкіметі мен Еуропалық Одақ арасындағы әуе тасымалының кейбір аспектілері туралы келісім болды. Құжат Қазақстан мен Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға бағытталған. Бұл бағыттар желісін кеңейтуге, жолаушылар ағынын арттыруға және іскерлік әрі туристік байланыстарды дамытуға ықпал етеді.
Көлік инфрақұрылымын дамыту саласында Еуропалық қайта құру және даму банкі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытына кіретін автомобиль жолдарын қалпына келтіру жобасын қаржыландыру жөніндегі келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, ТХКБ-ны дамыту жөніндегі халықаралық бизнес-конференция аясында республикалық маңызы бар «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» автомобиль жолын реконструкциялау жобасын іске асыру туралы келісімге қол жеткізілді.
Теміржол саласында «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен Alstom компаниясы арасында KZ6A сериясындағы электровоздарға сервистік қызмет көрсету бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Көлік саласын цифрландыру мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Интелектуалды көлік жүйелері мен «Е-жолдары» цифрлық платформасын енгізу жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен SITA B.V. арасында мемлекеттік әуежайларды кешенді цифрландыру, оның ішінде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Авиация саласы үшін маңызды оқиғалардың бірі «Air Astana» АҚ мен Airbus компаниясы арасында Airbus A320neo әуе кемелері тобының 50 ұшағын жеткізуге тапсырыс беру туралы келісімге қол қойылды. Оның ішінде 25 қатты тапсырыс және 25 қосымша опцион қарастырылған. Әуе паркін кеңейту әуе тасымалына өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға және ұшу бағыттарының географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Groupe ADP арасында авиация, әуежай инфрақұрылымын дамыту және іргелес аумақтардың экономикалық дамуын ынталандыру салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты көздейтін бірлескен декларацияға қол қойылды.
Халықаралық логистика саласында «KTZ Express» АҚ мен Midia Marine Terminal, Ecco Rail және A.P. Moller – Maersk компаниялары арасында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды. Қол жеткізілген келісім мультимодальды тасымалды дамытуға, халықаралық логистикалық қызметтерді кеңейтуге және Транскаспий халықаралық көлік бағытының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Еске сала кетсек, Брюссельде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Еуропалық кеңес Президенті Антониу Коштаның және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен бірқатар маңызды құжатқа қол қою рәсімі өтті.