Курьер болып жұмыс істейтін аналарды төлемдерден айыру туралы ақпарат жалған - министрлік
Әлеуметтік желілер мен пабликтерде Қазақстанда курьер ретінде қосымша жұмыс істейтін аналарды әлеуметтік төлемдерден айыру жоспары туралы тараған ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін ата-аналарға республикалық бюджет қаражаты есебінен бала бір жарым жасқа толғанға дейін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы (МӘЖ) төленеді. Аталған жәрдемақылар шартсыз, және алушының кейіннен жұмысқа орналасуына қарамастан, бала бір жарым жасқа толғанға дейін толық мерзімде төленеді.
Өз кезегінде, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылатын тұрақты жұмысы бар ата-аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер тағайындалады. Бұл төлемнің мөлшері бала туған күнге дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.
ҚР Әлеуметтік кодексінің нормаларына сәйкес, аталған төлемдерді жұмысқа шығуына байланысты тоқтату тек алушының өз еркімен тиісті өтініш беруі арқылы ғана жүзеге асырылады.
«Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, блогерлер мен паблик әкімшілері ресми мәлімдемелерді түсіндіруге мұқият қарап, азаматтарды жаңылыстыруы мүмкін тақырыптар мен тұжырымдардан аулақ болуы қажет. Азаматтарды уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелеріне ғана сүйенуге шақырамыз. Қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда ақпаратты нақтылау үшін тікелей бейінді ведомстволарға жүгінген жөн», деп ескертті ведомствада.