Күл ауруы несімен қауіпті және одан қалай қорғануға болады
Дифтерия, яғни күл ауруы – тыныс алу жолдарын зақымдап, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін жұқпалы ауру. Одан қорғанудың негізгі жолы – уақтылы вакцинация, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Комитеттің мәліметінше, дифтерия науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлескенде ауа арқылы таралады. Ауру қоздырғышы аңқа, мұрын және жоғарғы тыныс алу жолдарының шырышты қабатына түсіп, көбейеді және дифтериялық уыт бөледі.
Дифтерия қалай білінеді?
Аурудың алғашқы белгілері баспаға немесе жоғарғы тыныс алу жолдарының жедел қабынуына ұқсас болуы мүмкін. Осыған байланысты кейбір науқас ауруды елемей, өздігінен емделуге кіріседі.
Дифтерияның қауіптілігі оның ауыр асқынуларымен байланысты. Ауру жүрек бұлшықетінің, тыныс алу бұлшықеттері мен диафрагманың, сондай-ақ жұмсақ таңдай, бет, мойын және аяқ-қол бұлшықеттерінің салдануына әкелуі мүмкін.
Күл ауруын жұқтырғандармен қатар, сырттай сау көрінетін бактерия тасымалдаушылар да инфекцияны таратуы ықтимал.
Диагностика қалай жүргізіледі?
Инфекцияның асқынуына жол бермеу және тиісті ем тағайындау үшін баспа белгілері бар науқастар ем басталғанға дейін дифтерияға тексерілуі қажет.
Вакцинация – негізгі қорғаныс
Мамандардың айтуынша, балалар мен ересектерді дифтериядан қорғаудың тиімді жолы – вакцинация.
Қазақстандағы профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес алғашқы екпелер балаға 2, 3, 4 және 18 айында, кейін 6 және 16 жасында жасалады. Ересектерге дифтерия мен сіреспеге қарсы ревакцинация әр 10 жыл сайын жүргізіледі.
Дифтерияға қарсы вакцина басқа инфекцияларға қарсы вакциналармен бірге кешенді түрде де салынады. Оның құрамына жас ерекшелігіне қарай сіреспе, көкжөтел, полиомиелит, гемофильді инфекция және В вирустық гепатитіне қарсы компоненттер кіруі мүмкін.
Мамандар вакцинациядан уақытында өту инфекциядан қорғанудың маңызды шарты екенін еске салады.
Бұған дейін көкжөтелден қорғану үшін не істеу керектігін жазғанбыз.