Маңғыстау облысында жол апатынан төрт адам қаза тапты
Жол апаты 16 қыркүйек күні кешкі уақытта республикалық маңызы бар Ақтау–Бейнеу автожолында болған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Маңғыстау облысының полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, Жетібай ауылы бағытынан Шетпеге қарай келе жатқан Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жолдың үстінде жүрген түйеге соғылған. Соқтығыстан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, онда келе жатқан тағы бір Toyota Camry автокөлігімен соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан төрт адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігімен (көлік құралдарын пайдалану немесе жол жүрісі қағидаларын бұзу) қылмыстық іс қозғалды», - делінген хабарламада.
Көліктер арнайы тұраққа қойылды. Қажетті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, оның ішінде жануардың иесі анықталуда.
Еске салсақ, Зайсанда әйел өліміне қатысты кәмелетке толмаған жасөспірім қамауға алынды.