Астана қаласы Коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз конференциясында «Байқоңыр» ауданы прокурорының орынбасары Ілияс Маматаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылда прокуратура органдарының азаматтардың құқығын қорғаудағы рөліне тоқтала кетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, тұрмыстық зорлық-зомбылық қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ол тек күш қолданумен шектелмейді. Қорқыту, балағаттау, кемсіту, психологиялық қысым көрсету және қаржылық тәуелділікті пайдалану да зорлық-зомбылықтың көріністеріне жатады. Мұндай жағдайларда дер кезінде көмекке жүгініп, құқық бұзушылыққа заң аясында баға беру маңызды.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған
2024 жылғы 15 сәуірден бастап әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер күшіне енді. Атап айтқанда, ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқық бұзушылықтар қатарынан қылмыстық құқық бұзушылықтар санатына ауыстырылды. Бұл әрекеттер үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1 және 108-1-баптары бойынша жауапкершілік көзделген.
Құқық бұзушылықтың сипатына қарай айыппұл салу, қоғамдық жұмыстарға тарту, қамаққа алу, бас бостандығын шектеу немесе айыру жазалары тағайындалуы мүмкін.
Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бірнеше іс қаралды. Соның бірінде отбасылық жанжалдан кейін қала тұрғыны бұрынғы жұбайын ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 108-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 25 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сотталған азаматқа бір жыл бойы жәбірленушіге жақындауға тыйым салатын ерекше талап белгіленді. Тағы бір жағдайда ер адам жұбайының мойын тұсынан ұрған. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 40 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын белгіледі.
Айта кетейік, денсаулыққа жеңіл зиян келтірмей, тән ауруын туындатқан ұрып-соғу әрекеті 109-1-баппен, ал денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру 108-1-баппен сараланады.
Қайталанатын құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталануына жол бермеу үшін қорғау нұсқамалары шығарылады, құқық бұзушылар профилактикалық есепке алынып, олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Аудан прокуратурасы қайталанған жағдайға талдау жасап, уәкілетті органдармен бірлесіп алдын алу шараларын жүзеге асырады.
Сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар анықталып, олардың қауіпсіздігіне төнген қатерлерге тиісті ден қойылады. Мұндай құқық бұзушылықтардың көбіне үй ішінде, куәгерлерсіз жасалуы істі анықтау мен дәлел жинауды қиындатады.
Сондықтан оқиғаға қатысты дәлелдерді дер кезінде тіркеп, құқық қорғау органдарына хабарлау маңызды. Алайда жәбірленушілер қорқып, қаржылық тәуелділіктен, балаларының жағдайын ойлап немесе жағдайдың өзгеретініне үміттеніп көмек сұрауды кейінге қалдыруы мүмкін.
Жәбірленушілер арнайы орталықтардан көмек ала алады
Астанада тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге «Үміт», «Қорғау» және Komek Otbasy дағдарыс орталықтары психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетеді. Мұндай қолдау жәбірленушілерге қиын жағдайдан шығуға және қажетті қорғаныс алуға мүмкіндік береді.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, білім беру мекемелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен жұмысын талап етеді. Тұрғындарды мұндай жағдайларға бейжай қарамауға шақырамыз. Егер зорлық-зомбылыққа тап болсаңыз немесе оның куәсі болсаңыз, құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Дер кезінде жасалған әрекет ауыр зардаптардың алдын алуы мүмкін.
Еске салсақ, 33 мыңнан астам бала, ата-ана және педагог психологиялық қолдау орталықтарынан көмек алды.