Астанада демалыс күндері полиция көлікті мас күйде басқарған 14 жүргізушіні анықтады

Астанада демалыс күндері полиция көлікті мас күйде басқарған 14 жүргізушіні анықтады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Демалыс күндері Астана қаласында патрульдік полиция қызметкерлері көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған 14 жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қаланың полиция департаментіне сілтеме жасап.

Соның бірі – Гетте көшесінде тоқтатылған Chevrolet Cobalt автокөлігінің 24 жастағы жүргізушісі. Құжатты тексеру барысында полицейлер жүргізушіден ішімдіктің өткір иісін сезген. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның жеңіл дәрежелі алкогольдік масаң күйде болғаны расталды.

Аталған дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Көлік арнайы айыптұраққа қойылды. Сот шешімімен жүргізуші 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мас күйде көлік басқарушылардың жолын кесу бағытындағы жұмысты күшейтілген режимде жүргізіп жатыр. 

Астана қаласының Полиция департаменті мас күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Мұндай құқық бұзушылықтарға қатысты заңнамада көзделген қатаң шаралар қолданылады.

Еске салсақ, 5-7 қарашада Астананың кейбір көшесінде көліктің жүрісі шектеледі.