Тель-Авивтегі бизнес-форумда Қазақстан мен Израиль арасында жеті меморандумға қол қойылды

2 қараша, 2026
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Тель-Авивтегі бизнес-форумда Қазақстан мен Израиль арасында жеті меморандумға қол қойылды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Тель-Авивте «New Economy. New Opportunities» атты Қазақстан-Израиль бизнес-форумы өтті. Іс-шара аясында денсаулық сақтау, цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздік, сумен жабдықтау және сауда салаларында жеті меморандуммен алмасу рәсімі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Форумға Израильдің 100-ден астам компаниясының, мемлекеттік органдары мен салалық ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ қазақстандық бизнес пен даму институттарының өкілдері қатысты.

Қазақстан делегациясын Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бастап барды.

Жиында тараптар энергетика, су шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және цифрлық технологиялар салаларындағы инвестициялық мүмкіндіктер мен бірлескен жобаларды талқылады.

Жаслан Мәдиев Қазақстан экономикасын әртараптандыру және цифрлық трансформациялау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

«Біздің мақсатымыз – жасанды интеллект саласындағы қызметтерді экспорттау және сонымен қатар отандық бизнеске әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік беретін құралдарды ұсыну», – деді министр.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылы Қазақстанның IT-қызметтер экспорты 1,1 млрд доллардан асты. Ал Astana Hub бүгінде 2,5 мыңнан астам компанияны біріктіреді. Сонымен қатар елімізде есептеу инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Data Center Valley жобасы аясында қуаттылықты кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін арттыру көзделген.

Форумның маңызды нәтижелерінің бірі – екі елдің ұйымдары арасында жеті меморандуммен алмасу рәсімінің өтуі.

Атап айтқанда, Shoval Vantage Group пен KAZAKH INVEST Қазақстанда медициналық кластерлік орталық құру мәселесі бойынша ынтымақтастықты қарастырады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Terra-A Gaia AG цифрлық активтер, жасанды интеллект негізіндегі басқару, цифрлық инфрақұрылым және құзыреттер орталығын құру бағыттарында бірлесіп жұмыс істеуді көздеп отыр.

Ал Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы мен CYBERPRO AI ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум алмасты.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына Инвест» пен Watergen компаниясы атмосфералық ауадан ауыз су алу технологиясын Қазақстанда жергіліктендіру мүмкіндігін зерделемек.

Абай облысының әкімдігі де Израильдің екі компаниясымен меморандум алмасты. Mekorot Development & Enterprises компаниясымен су шаруашылығы, ал Auxbridge компаниясымен өңірді цифрлық трансформациялау және заманауи технологияларды енгізу мәселелері бойынша ынтымақтастық қарастырылған.

Бұдан бөлек, QazTrade пен Израильдің Экспорт және халықаралық ынтымақтастық институты іскерлік байланыстарды дамыту және қазақстандық компаниялардың Израиль нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейту бағытында жұмыс істеуге уағдаласты.

Форум барысында қазақстандық ұйымдар энергетика, маңызды минералдарды өңдеу, көлік, цифрлық инфрақұрылым, ғарыштық технологиялар және ақылды қалаларды дамыту салаларындағы жобаларын таныстырды.

Қазақстан тарапы бірлескен бастамаларды одан әрі пысықтауға және екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге дайын екенін білдірді.

Еске сала кетейік, биылғы сәуір айында Қазақстан мен Израиль президенттері Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының қызметімен танысқан еді.