Қазақстанда корейлік балмұздақ өндірісі іске қосылады

Қазақстанда корейлік балмұздақ өндірісі іске қосылады
Фото: Magnific.соm

Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Шин-Лайн» компаниясы және Оңтүстік Кореяның Sungwon Machinery Co., Ltd. компаниясы үшжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Меморандум озық азиялық технологияларды Қазақстанда енгізуге, өндірістік қуаттарды дамытуға және корей үлгісіндегі балмұздақ түрлерін шығаруды жолға қоюға бағытталған. Келісім аясында тараптар технологиялық және инженерлік ынтымақтастықты одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.\

«Шин-Лайн» серіктестігінде «Шин-Лайн Инжиниринг» компаниясы құрылады. Жаңа компания заманауи өндірістік технологияларды енгізу, жетілдіру және қазақстандық өндіріс жағдайына бейімдеу бағытында жұмыс істейтін орталыққа айналмақ.

Фото: АШМ



Ынтымақтастық аясында балмұздақ өндіруге арналған автоматтандырылған шешімдер енгізіледі. Атап айтқанда, құрғақ глазурьлеу (Dry Coater) технологиясы, жоғары дәлдікте жұмыс істейтін сорғы стансалары және Summer Crunch сериясындағы өндірістік кешендер қолданылады.

Оңтүстік Корея тарапының инженерлік шешімдері мен тәжірибесін пайдалану өндіріс үдерісін жаңғыртып қана қоймай, жаңа технологияны игеруге, кәсіпорынның өз инженерлік әлеуетін қалыптастыруға және қосылған құны жоғары жаңа өнім түрлерін шығаруға жол ашады.

«Біз заманауи өндірістік технологияларды енгізу және дамыту бағытында жұмыс істейтін «Шин-Лайн Инжиниринг» компаниясын құрып жатырмыз. Біздің мақсатымыз — Қазақстанға корейлік тәжірибені әкеліп, өз инженерлік әлеуетімізді қалыптастыру және халықаралық жоғары стандарттарға сай келетін жаңа өнімдер шығару. Біз технологиялық әлеуеті мықты серіктесті таңдадық. Бұл ынтымақтастық ұзақ мерзімді нәтижеге жеткізеді деп сенеміз», — деді «Шин-Лайн» ЖШС президенті Андрей Шин.

Еске салсақ, Қазақстанда балмұздақ өндірісі 47,4%-ға өсті.