Астана мен Сеул медицина саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясында алғаш рет Астана әкімдігі мен Сеул ұлттық университеті ауруханасы (SNUH) арасында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Құжатқа Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан қол қойды.
Келісім тараптардың өзара іс-қимылының жалпы қағидаттары мен шарттарын айқындайды. Құжат клиникалық медицина, білім беру және ғылыми зерттеулер салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ денсаулық сақтау мен медициналық ғылым бағытындағы халықаралық байланысты нығайтуға бағытталған.

Тараптар мынадай бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін қарастыруға келісті:
• медицина мамандары мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен алмасу;
• бірлескен ғылыми және клиникалық зерттеулер жүргізу;
• денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен біліктілігін арттыру;
• тараптар өзара келісетін, ортақ мүддеге сай басқа да ынтымақтастық бағыттары.
Келісімге қол қою Астанадағы медициналық ұйымдар мен Корея Республикасының жетекші медициналық мекемелерінің бірі арасында тәжірибе алмасып, халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға негіз болады.
Еске салсақ, Президент Корея компанияларын жаңа мұнай-газ өндірістерін ашуға шақырды.