Референдум-2026

Астанада Қоғамдық кеңестің төрағасы жаңа лауазымға тағайындалды

31 шілде, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанада Қоғамдық кеңестің төрағасы жаңа лауазымға тағайындалды
Фото: facebook.com/tabigat.zeinulkabden

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Зұлфұхар Ғайыпов жаңа қызметке тағайындалды. Бұл туралы Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, елордада өткен Қоғамдық кеңестің отырысында Зұлфұхар Ғайыповты жаңа қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

«Зұлфұхар Сұлтанұлы ұзақ жылдар бойы елорда мен оның тұрғындарына адал қызмет етті. VI шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаты, кейін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің екі шақырылымдағы төрағасы ретінде азаматтық қоғамды дамытуға, қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты қалыптастыруға елеулі үлес қосты. Оның жоғары кәсібилігінің, принципшілдігі мен жауапкершілігінің арқасында қоғам игілігіне бағытталған көптеген маңызды бастамалар жүзеге асырылды», – деп жазды Табиғат Зейнұлқабден.

Белгілі болғандай, Зұлфұхар Ғайыпов еңбек жолының жаңа кезеңін бастап, «Қазақстан Халық кеңесі» хатшылығының мәслихаттармен және қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимыл бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

Табиғат Зейнұлқабден әріптесіне көпжылдық адал еңбегі мен елорданың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс айтып, жаңа қызметінде толағай табыс, мықты денсаулық және кәсіби жетістіктер тіледі.

Еске салсақ, Қазақстандықтардың қоғамдық кеңестерге берген өтініштерінің 60%-дан астамы оң шешімін тапты.