Астанада Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне дайындық жүріп жатыр
Елордадағы Ботаникалық бақта Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестиваліне дайындық аясындағы алғашқы ашық жаттығу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының ресми сайтына сілтеме жасап.
Дәстүрлі фестиваль ағза трансплантациясын күтіп жүрген науқастарды қолдауға бағытталған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өткен жылы шараға 5 мың адам қатысқан болса, биыл қатысушылар саны 7 мыңға дейін жетеді деп күтілуде.
Heart Center Foundation қоғамдық қоры фестивальге дайындық ретінде барлық ниет білдірушілер үшін ашық жаттығулар ұйымдастырып жатыр. 9 тамызға дейін әр сенбі сайын таңғы сағат 08:00-де сегіз жаттығу өткізу жоспарланған. Олар маусым, шілде және тамыз айларында өтеді.
Жаттығуларды кәсіби бапкерлер мен танымал қазақстандық спортшылар жүргізеді. Ал соңғы дайындық барысында қатысушылар жүгіру бағытымен танысады. Сонымен қатар жаттығуларға ағза трансплантациясынан өткен және фестивальде 10 шақырымдық қашықтыққа жүгіретін реципиенттер де қатысады.
Heart Center Foundation директоры Мұрат Зауыров соңғы жылдары елімізде трансплантология саласы мен ағза донорлығы мәселелері бойынша қоғамдық ақпараттандыру деңгейі артқанын атап өтті.
«Соңғы жылдары Қазақстанда трансплантология саласының дамуы мен ағза донорлығы мәселелері бойынша қоғамдық ақпараттандыру деңгейінің артуында оң өзгерістер байқалады. Қайтыс болғаннан кейін донор болған адамдар саны көбейіп, трансплантациялар саны артып келеді, сондай-ақ қоғам бұл мәселені талқылауға белсендірек қатысуда. Дегенмен донорлық ағзаларға деген қажеттілік әлі де жоғары. Бүгінде мыңдаған науқас өмірін сақтап қалатын трансплантацияны күтіп отыр. Сондықтан Jüregımnıñ Jeñımpazy сияқты қайырымдылық бастамалардың маңызы зор», – деді ол.