Астана қаласында адам ұрлауға қатысы бар шетелдіктерге сот үкімі шықты
Астана қаласы Сарыарқа ауданы прокуратурасы Орталық Азиядағы бір елдің алты азаматына қатысты адам ұрлау және өз бетінше билік ету фактісі бойынша қылмыстық істе мемлекеттік айыптауды жүргізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Сот талқылауы барысында 2024 жылғы желтоқсан айында топтың бір мүшесі орындалмаған қызмет үшін ақша талап етіп, жәбірленушіге күш қолданып, оған 80 мың теңге аударуға мәжбүрлегені анықталды. Кейін алдын ала сөз байласқан адамдар тобы пайдакүнемдік ниетпен күш қолдану арқылы жәбірленушіні Астана қаласының аумағында ұрлап әкеткен.
«Мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақ ұсынды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен бес адам алдын ала сөз байласқан адамдар тобының пайдакүнемдік ниетпен жасаған адам ұрлау қылмысы үшін 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Топтың бір қатысушысы адам ұрлауға көмектескені және өз бетінше билік еткені үшін 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», делінген хабарламада.
Астана қаласының прокуратурасы адам ұрлағаны үшін заңнамада 15 жылға дейін, ал өз бетінше билік еткені үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертті.