Жеңістің 80 жылдығы: ТЖМ әскери қызметшілері мерейтойлық шеруге қатысады


7 мамырда Астанада Төтенше жағдайлар министрлігі тарихында алғаш рет ведомствоның 170 әскери қызметшісі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеруге қатысады. Олардың арасында ҚР ТЖ министрі, генерал-майор Шыңғыс Әріновтің бастамасымен құрылған «Айбат» арнайы бөлімшесінің жауынгерлері бар, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға дайындық қаңтар айында басталды. Елордада қарқынды жаттығулар өтуде: жеке құрам саптық қадамның айқындығын, қозғалыстардың синхрондылығын және бағандардағы теңестіруді пысықтайды.
Шеруге қатысушылар орналасқан әскери лагерьге ТЖ вице-министрі, генерал-майор Кеген Тұрсынбаев барды. Ол дайындық пен тәртіптің жоғары деңгейін атап өтті.
Әскери қызметшілер төрт әскери бөлімнен келді: Мартбек Мамраев атындағы №52859, Қасым Қайсенов атындағы №68303, Бауыржан Момышұлы атындағы №28237 және Есет батыр Көкиұлы атындағы №20982. Астанада олар үшін далалық лагерь ашылды, онда тұрғын шатырлармен, асханалармен, моншалармен барлық қажетті жағдайлар жасалған. Тәулік бойы ТЖМ Апаттар медицина орталығының медицина қызметкерлері мен психологтары кезекшілік етеді, сондай-ақ Командалық-штабтық машина орналастырылды.
Шеруге ТЖМ техникасы – «АЛАН» броньды автомобильдері және «Айбат» бөлімшесінің арнайы машиналары да тартылатын болады.
Шеруге қатысу бүкіл ведомство үшін маңызды оқиға болды. Бұл тек саптық түзету мен техникалық жарақтандыруды көрсету ғана емес, сондай-ақ ардагерлердің ерлігіне құрмет көрсету. ҚР ТЖ министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов шеруге қатысу кәсіпқойлықтың, бірліктің және кез келген жағдайда халыққа қызмет етуге дайындықтың символы екенін атап өтті.



