Астанада «Мәншүк» музыкалық драмасының премьерасы өтті


Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры М.Қожахметова мен А.Молдағалиевтің «Мәншүк» атты музыкалық драма жанрындағы қойылымының премьерасын көрермен назарына ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
"Жеңістің 80 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен, қаһармандық істерімен есімдері аңызға айналған тұлғалардың бейнелері сахналанып жатыр.
Астана қаласы әкімдігінің және Мәдениет басқармасының қолдауымен Мәншүктің бейнесін сахнаға шығаруды жөн санадық.
Драмалық қойылым Мәншүк Мәметованың ішкі жан сарайын, жан дүниесін көрсетеді. Біз қойылымда Мәншүктің үш кезеңін алдық. Балалық шағы, мектеп пен студенттік кезеңі және соғысқа өзі сұранған сәттер.
Мәншүктің қаһармандық бейнесі арқылы өскелең ұрпаққа отаншылдық, елдік сезімді насихаттап, патриоттық рухты асқақтатуды көздедік", - дейді Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.
«Мәншүк» музыкалық драмасы – қызыл өрт ішіндегі қызғалдақ, он тоғыз жасар пулеметші қазақ қызы Мәншүк Мәметованың есімін ардақтауға, ерлігін дәріптеуге арналған ерекше қойылым.
Қойылымда Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың өмір жолы мен ерлігі суреттеледі. Бұл – жанқиярлық пен адалдықтың, өр рух пен отансүйгіштіктің көрінісі.
«Мәншүк» — менің алғашқы премьерам. Ол кісі өмірде болған тұлға, қойылымдағы оқиғалар да өмірде болғандықтан, қатты қобалжып тұрмын.
Мәншүк апаның рөлін сомдау — мен үшін үлкен мәртебе.
Біз тәуелсіз мемлекет, бейбіт елде тұрып жатқандықтан, көрерменге сол заманның қиыншылығын барынша сезіне алатындай жеткізе білуім керек", - дейді Мәншүктің рөлін сомдаған актриса Гүлден Құрмет.
Мәншүктің (Мәнсия) туған әкесі - Жәңсігәлі, анасы - Тойылша. Қазақы дәстүрмен Мәншүкті Ахмет, Әмина Мәметовтер бауырына басқан. Жұртына танымал дәрігер Ахмет – алғашқы қазақ Үкіметінің негізін қалауға атсалысқан өз заманының қайраткері. Мәншүкті тәрбиелеген анасы Әмина – әйгілі Әбілқайыр ханның ұрпағы, Сүлеймен қажының қызы.
Тектілердің тәрбиесін бойына сіңірген Мәншүк өжет, қайсар, өршіл болып бой жетеді.
Қайсар қыз, әкесі Ахметтің өмір жолын ту еткен. Әке жолымен білім алған, дәрігерлік мамандықты таңдаған. Жанынан артық жақсы көрген әкесіне «халық жауы» деген жаланың жабылуы жас қыздың намысын оятады.
Репрессия құрбаны, 1937 жылы атылған әкесі Ахмет Мәметовтің елеулі есімін, адал атын ақтау үшін қан майданға өз еркімен аттанады.
1942 жылы Мәншүк Мәметова 100-атқыштар бригадасының құрамында болады.
Мәншүктің тұлғасы сахнада әр кезеңімен бейнеленеді. Әкесі Ахмет Мәметовке тағылған саяси жала мен сол дәуірдің ауыртпалығы қыздың қайсар мінезін қалыптастырып, оны майдан даласына жетелейді. 1943 жылы Невель қаласы үшін болған шайқаста Мәншүк ерлікпен қаза табады.
Қойылымның сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы-режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Шығармашылық топ құрамында: қоюшы хормейстер – Ғалымжан Берекешов, костюм суретшісі – Айдана Еңгебай, балетмейстер – Айгүл Амандықова, хормейстер – Шыңғыс Аймақ, жарық қоюшы – Ермек Мұхтарұлы, дыбыс режиссері – Асылжан Асқаров.
Мәншүк рөлін Мақпал Дүйсен мен Гүлден Құрмет, 15 жасар шағын Айдана Жетешова, бала Мәншүктің бейнесін Дана Асхатқызы сомдады.
Қойылым – көрерменге патриоттық рух сыйлайтын, тарихи тұлғаның ерлігіне тағзым ететін маңызды мәдени оқиға.
"Мәншүк" драмасы керемет өтті. Батыр қыздың қилы тағдыры көрермендерге көп ой салды. Әсіресе Мәншүктің рөлін ойнаған актрисаға риза болдым", - дейді Дана есімді көрермен.



