Астанада Ұлттық қауіпсіздік қызметі төрағасының кубогы үшін алғаш рет акватлоннан сайыс өтті


Ұлы отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған бәсекеде еліміздің барлық өңірінен 25 команда жиналды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Орталық саябақта бірінші мәрте ұйымдастырылып жатқан бәсекеге республиканың түкпір-түкпірінен келген 100 спортшы жеке және командалық сайыс түрінде жеңімпаздарды анықтады.
«Акватлон қатардағы жарыстың бірі емес. Сайыста төзімділік, қайсарлық, жеңіске деген ұмтылушылық сыналады. Сондықтан бұл жерге ең мықты деген қатысушылар ғана жиналды. Бұл жарыс дәстүрге айналып, барлық жастағы қызметкерлердің басын қосады. Қызметкерлер спорт жолында да үздік болады деп сенемін», - деді шараның ашылу салтанатында ҰҚК Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Талғат Әлімжанов.
Бәсеке барысында ерлер 1 шақырым жүзу және 10 шақырым қашықтықты жүгіріп өтсе, әйелдер 500 метрге жүзіп, 5 шақырым жүгірді.
«Елімізде ең танымал спорт түрі саналатын жүгірудің шекарасы одан әрі кеңейіп жатқанына қуаныштымыз. Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері алғаш жүгірумен қатар жүзу сайысын қосты. Бұл жарысымызға деген қызығушылықты одан әрі арттырып, қызметкерлер жүзуде де өз күшін тексеруге мүмкіндік алды. Бірінші болғаннан кейін, спортшылардың арасында да қобалжу байқалады. Бастаманы жақсы деп бағалаймын. Алдағы уақытта қатысушылар өз қателігін көріп, бұдан да мықты болып оралатынына сенімдімін», - деді Астана қаласы Триатлон федерациясының бас хатшысы Жанат Қожахметов.
Жарыс соңында жеңімпаздар марапатталып, барша қатысушылар естелік медаль және демеушілер тарапынан ұсынылған өнімдерге ие болды.



